Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Аталмыш шара Венгрия елінің Еуроодақтың кезекті төрағасы міндетін орындауына орай өтіп жатыр.
Мұражайда мынандай көрмелер жұртшылық назарына ұсынылмақ: «Венгрияға көзқарас» және «Венгрлік және еуропалық Ференц Лист». Фотокөрменің салтанатты ашылуы барысында жиналған қауым алдында Мандок Қоңыр атындағы жалпы білім беру №150 мектебінің би ансамблі өнер көрсетіп, қонақтарды венгр және қазақ фольклор билерімен таныстыратын болады.
Антропология және биология бойынша венгр профессоры Андраш Биро «Қазақ және венгр халықтарының тарихи және мәдени байланыстары: тәжірибе мен мәселелер» тақырыбы бойынша дәріс оқымақ.
Андраш Биро мырза биылғы жылдың наурыз айында басқа екі венгр ғалымымен бірге Қазақстан ұлттық мұражайында зерттеу жұмысын өткізеді. Тақырыбы: «Қазақтар мен мажарлардың расогенетикалық және этикалық байланыстары жөніндегі антропологиялық зерттеулер».
Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұражай директоры Нұрсан Әлімбайдың айтуынша, соңғы жылдары венгр мұражайымен ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы арасындағы табиғат және тарихқа қатысты келісім жұмыстары өте жақсы дамып келеді. Осыған қатысты антропология саласына орай ғылыми келісімге қол қойылған. «Профессор Андраш Биро бастаған үш антрополог келіп отыр. Олардың мақсаты — біздің мұражайдағы антропологиялық материалдарға зерттеу жүргізу, сөйтіп қазақ-венгр арасындағы ежелгі этногенетикалық байланыстарды зерттеу. Біздің ойымызша бұл қарым-қатынас ұзағынан болады деп сенеміз. Сондай-ақ, бұл бастамаға екі елдің басқа да мұражайлары қосылады деп ойлаймыз», — дейді Н.Әлімбай.
Сондай-ақ, 2010 жылдың 6-8 тамызында Венгриядағы Бугац жерінде өткен кең ауқымды Құрылтай жөніндегі деректі фильм көрсетілімін өткізу жоспарланған.