«Жаңа толқын» байқауының жартылай финалына еліміздің 11 әншісі қатысуға жолдама алды.
«Мәскеуде болатын «Жаңа толқын» байқауының жартылай финалына қатысатын 7 мықты конкурсант және «Балалар жаңа толқынына» 4 балғын таңдалып алынды. Іріктеудегі басты өлшем — дарын. Біз ең дарынды әншілерді сұрыптадық. Қатысушыларға біз емес, олар бізге қажет», — дейді байқаудың бас директоры Александр Румянцев журналистермен кездесуінде.
Сонымен Ресейге Алматы қаласынан Әділжан Омаров, Айока, Динара Сұлтан, Ринат Малцагов, Диана Шарапова, Ақтау «Алау» дуэті және Астана қаласынан Рүстем Жүгүнісов аттанатын болды.
Бас директордың айтуынша, байқауға қатысуға Қазақстаннан 150 өтініш келіп түскен. Дегенмен ұйымдастырушылар үшін бастысы әншілердің саны емес, сапасы. «Балалар жаңа толқыны» жобасы аясында ел намысын Мәскеуде Ванесса Безродная, Милена Гончар, Іңкәр Нәдірбекова және Роза Сәметова сынды 8 және 13 жас аралығындағы кішкентай әншілер қорғайтын болады.
Іріктеу туры 22 наурызда Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өткен болатын. Ал 23 наурызда «А-Студио» тобының және «Жаңа толқын — 2011» конкурсының қатысушысы — Қайрат Түнтековтің қатысуымен гала-концерт өтті.
«Жаңа толқын» халықаралық конкурсы осыдан 10 жыл бұрын көрнекті композитор Игорь Крутой және Раймонд Паулстың бастамасымен қолға алынып, бүгінгі таңға дейін Юрмалада өткізіліп келеді. Халықаралық маңыздағы жарқын мәдени оқиға болып табылатын бұл конкурстың басты мақсаты — жаңа есімдерді ашу.