Естеріңізге сала кетсек, аталмыш сыйлық 2010 жылы Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мұрындық болуымен қазақ театр тарихында тұңғыш рет тағайындалып, өзінің алғашқы иегерлерін тапқан болатын.
«Бұл күн «театр азапкерлері үшін», еліміздің театрларында қызмет ететін 3480-нен астам қызметкерлер үшін -үлкен мереке. Бұл «азапкер» деген сөзді мен жақсы мағынада айтып тұрмын. Ұлы өнерге еңбек ету, қызмет ету азапты жұмыс, әрі «үлкен құдіретті» жұмыс. Сондықтан, біз бұл шараны 27 наурыз- театр күніне орай, атап өтудің бір амалы ретінде әдейі ойлап тапқанбыз. Біздің ендігі мақсатымыз, бұл шараны халықаралық деңгейге көтеру. Еліміздегі 52 мемлекеттік және 10-нан астам жеке меншік театрларда қызмет жасап жүрген баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын!», — деді аталмыш шараның ұйымдастырушысы, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, белгілі сахна қайраткері, танымал актер Тұңғышбай Жаманқұлов.
Оның айтуынша, сыйлықтың мақсаты мен міндеті — халыққа мәдени-рухани қызмет етіп, Қазақстан сахна өнерінің дамуына зор үлес қосып жүрген әртістер қауымының арасынан үздіктерді таңдап, марапаттау, сонымен қатар, сахнагерлер ортасындағы бәсекелестік рухты арттырып, театр өнерінің өркендеуіне ықпал жасау болып табылады.
Сыншы, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанованың айтуынша бұл шара театр әртістері мен қызметкерлері үшін үлкен рухани мереке. «»Еңлікгүл» сыйлығы -әлемдегі белгілі Нобель, Оскар, Ресейдегі «Ника» сыйлығы сияқты, өзінің символы бар мәртебелі сыйлық. Өзінің әріптестерінің баға беретін кәсіби сыйлығы»,-деп атап өтті ол.
Өткен, 2010 жылы «Еңлікгүл» сыйлығы 4 аталым бойынша берілсе, биыл сыйлық 7 аталым бойынша берілді.
Әділ-қазылар алқасының ортақ шешімі бойынша, биыл ең үздік жыл актеры атағына М. Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театры актеры Виталий Багрянцев ие болды. Ал «Жыл актрисасы» болып 30 жыл Жамбыл облыстық драма театр сахнасында өнер көрсетіп жүрген актриса Гүлшат Қыпшақова атанды. Дәл осы театрдың режиссеры Қуандық Қасымов «Ең үздік, жыл режиссері» атағына ие болды. «Жылдың опералық, балеттік партиясы» аталымының жеңімпазы Абай атындағы опера және балет театрының солисті Болат Есімханов лайық деп табылды. Ал, «Жылдың үздік театр суретшісі» атағына Ақтөбе облыстық «Алақай» театрының бас суретшісі Әсия Құрманалина ие болды. «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы Қарағанды музыкалық комедия театрында 50 жылдан астам уақыт осы ордада қызмет жасап жүрген актер Владимир Суховқа берілді. Биыл тұңғыш рет тағайындалған «Қуыршақ театрының жыл өнерпазы» сыйлығы Маңғыстау облыстық Қуыршақ театрының актеры Ержан Бегашевқа бұйырды.
Басты сыйлықтардан бөлек, «Жыл драматургы», «Жылдың озық театртанушылық мақаласы», «Жылдың озық театр менеджері», «Жылдың озық музыкалық көркемдеушісі», «Жылдың озық жарық берушісі» аталымдары бойынша бес ынталандыру сыйлықтары табысталды.
«Еңлікгүл» сыйлығының барлық иегерлері арнайы дипломдармен, сонымен қатар, шараның Бас демеушісі «ҚазМұнайГаз» компаниясының ақшалай және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Кеште қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті.