Фильмді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Sataifilm» кинокомпаниясы шығарған. Фильмнің жалпы құны екі млн. АҚШ долларын құрайды.
Фильмді түсіру 2010 жылдың 15 ақпанынан басталған. Жалпы жұмыс бір жыл ішінде біткен.
«Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаев бұл 2011 жылдағы алғашқы отандық фильмді таныстыру болғанын айтты. «Жыл соңына дейін енді он фильмнің тұсауы кесіледі. Киностудия олар қандай бағыттағы фильмдер болатынын шешіп қойды. Бұл әр түрлі саладағы — мелодрама, экшн, комедия жанрындағы фильмдер. Оның ішінде балалар фильмдері де бар», — деді Е.Аманшаев.
«Ликвидатор» фильмнің сценарийін жазған — Тимур Жақсылықов, қоюшы-режиссер — Ақан Сатаев, қоюшы-оператор — Хасан Қыдырәлиев, композиторы — Ренат Гайсин. Рөлдерде ойнағандар: Берік Айтжанов, Қарлығаш Мұхаметжанова, Әзіз Бейшенәлиев, Ментай Өтепбергенов, Виктор Ашанин, Михаил Токарев, Төлеубек Аралбай және Винни Джонс (Ұлыбритания).