Көрмені ҚР Ақпарат және байланыс министрлігі, «Нұр Отан» ХДП қолдауымен «Астана-Экспо КС» компаниясы ұйымдастырды.
Аталмыш көрме инфокоммуникациялық технологиялар саласындағы отандық және әлемдік өндірушілердің жетістіктерімен жұртшылықты таныстырып, өзге мемлекеттердің әдістерін меңгеруге мүмкіндік беретін тәжірибе алмасу кеңістігіне айналып отыр.
Көрме шеңберінде «Электронды үкімет», «Е-нотариат», «Е-лицензиялау» жобалары, жеке тұлғаларға, бизнеске қажетті қызметтер ұсыну мен білім беру саласындағы инфокоммуникация жетістіктері және өзге де бірегей электронды шешімдер, бағдарламалық қамту, медициналық электроника құрылғылары назарға ұсынылып жатыр.
«Инфокоммуникациялық технологиялар қазіргі таңда Қазақстанда қарқынды түрде дамып келе жатқан жаңа салалардың бірі, оның болашағы үлкен үміт күттіреді. Халықаралық көрмелерді ұйымдастыру Қазақстанға жаңа инфокоммуникациялық технологияларды енгізу мүмкіндігіне жол ашады, тәжірибе алмасу үрдісіне септігін тигізеді. Бүгінгі көрме аясында мемлекеттік қызметтердің жаңа үлгілері ұсынылмақ және мамандар барлық ниет танытқан тұлғаларға электронды қызметтерді пайдалану жолын үйретеді», — деді «Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі АҚ басқарма төрағасы Измайлов Нұрлан.
«E-Kazakhstan-2011» IV Халықаралық инфокоммуникациялық технологиялар көрмесі сәуір айының 1-іне дейін жалғаспақ.