Жыр алыбы Жамбылдың есімін иеленген бала ақын екі жасында әріп танып, үш жасында тұтас әріптерді оқып, ал бес жасында анасына, әжесіне, мектепке арналған өлең жолдарын жаза бастаған. Кішкентайынан әжесінің ертегі-әңгімесін тыңдап өскен Жамбыл, әріп танығаннан бастап қолынан кітап, газет-журнал түсірмеген. Мектепте де өзінің білімділігімен, зеректігімен көзге түскен Жамбыл бір жылда 1, 2-сыныптарды бітіріп, 3-сыныпқа көшкен.
Бүгінгі күнде жас ақынның 50-ге жуық өлеңі бар. Жырларының дені патриоттық тақырыпта. Атап айтсақ: «Мәртебелі елім», «Тілім-тағдырым», «Періште тілек», «Мен-қазақпын» және т.б.
Қазіргі кезде бала ақынның жеткен үлкен жетістіктері де аз емес. Алғашқы бас жүлдені Білім күніне арналған мектепшілік жыр сайысында жеңіп алды. Одан кейіндері өткен «65 жыл толды бүгін Ұлы Жеңіске» атты қалалық жас ақындар байқауының, Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған қалалық мүшайраның, М.Мақатаевтың 80 жылдығына арналған қалалық және көркемсөз оқу сайыстарының бас жүлделері осы ақынға бұйырды.