Аталған университеттің тәрбие ісі және қоғаммен байланыс бөлімінің директоры Бауыржан Иманғалиевтың айтуынша, бұған дейін мұндай шара университеттегі 7 факультетте ұйымдастырылып, одан жеңіп шыққан жеті ару кеше ақтық сыңда бас қосып, өз шеберліктерін танытқан. «Байқауға студенттік жатаханаларда өткізілген бірінші турдағы жеңімпаздарынан университеттің әр факультетінен 1 өкілден ғана қатынасты. Байқаудың алдына қойған мақсаты: сынаққа түскен әрбір қыздың ардақ тұтар ана тіліміздің, халық дәстүрі және әдет-ғұрпының, әдебиеті мен өнерінің, мәдени мұраларының құндылықтарын қастерлейтін зерделі де зерек, ақылына көркі сай аруларымыздың рухани білгірлігі мен ажарлы бет-бейнесін ашу болып табылады. Сондай-ақ осы талаптарға толығымен сай келгендер лайықты құрметке бөленді», — дейді Б.Иманғалиев.
Байқау барысында ару қыздар Отан, әдеп-ғұрып, ұлттық өнер, ақыл мен парасат, анадан тағылым сынды аталымдар бойынша сынға түсіп, көрерменді өз өнерімен тәнті етті. Нәтижесінде ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің студенті Жанерке Қуанышова бас жүлдені жеңіп алды. Байқауға қатысушылардың ешқайсысы сый-сияпатсыз қалмады.