Астана қаласында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып өткізілген балалар мен жасөспірімдердің республикалық авторлық әндер фестивалына қатысып қайтты.
Астана қаласының білім басқармасы, республикалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы және Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі нашақорлыққа қарсы күрес департаментінің ұйымдастыруымен өткен фестивальда еліміздің қалаларынан жиналған жасөспірім бард әншілер гитарамен қазақ және орыс тілдерінде кең тараған авторлық әндерді шарықтата шырқаған.
«Үркер» авторлық клубының Жалғас Жәмиев, Тұрарбек Өтенғалиев және Мақсат Ысқақов сынды балғын әншілерінің орындауындағы Булат Окуджаваның «Кішкентай оркестр» әні де тыңдармандар көңілінен шықты. Олар ән айтумен бірге сахна мәдениетін игеруімен, инабаттылығымен көрермендердің қошеметіне бөленіп, аталмыш фестивальдың «Ансамбль» аталымы бойынша жүлделі екінші орынды жеңіп алып, арнайы дипломмен және алғысхатпен марапатталды.
Фестиваль соңында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко жәнібектік жас өрендерді жеңістерімен құттықтап, өнер көгінде табысқа жете беруіне тілектестігін білдірді.