Дәстүрлі орындаушылардың өнер бәйгесі 20-22 сәуір аралығында жалғасады.
Ұйымдастырушылардың атап өткеніндей, Ә.Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың Республикалық конкурсы еліміздегі дәстүрлі әндерді насихаттауға арналған және ұйымдастыруы, қойылымы жағынан алдыңғы қатарда жүретін бірден бір мәдени шара болып есептеледі.
«Мәдениет министрлігі жылына шамамен 30 байқау ұйымдастырады, алайда Әміре Қашаубаев атындағы дәтүрлі орындаушылар конкурсы олардың арасында ерекше орны алады және ылғи жоғары тұрады. Себебі Ә.Қашаубаев атындағы байқаудың тарихы кеңес уақытынан басталады. Осы жылдар бойы байқау ондаған дарындардың атын шығарды», — деді ҚР мәдениет министрлігінің өкілі Роза Кәбіржанова байқаудың алғашқы күнін аша отырып.
Биылғы жылы конкурстың 3 жүлделі орны үшін еліміздің түпкір-түпкірінен келген 16-дан 35 жасқа дейінгі 37 орындаушы бақ таластырады. Қатысушылар халық әншілері мен композиторларының әндерін орындауы тиіс, сондай-ақ домбыра, қылқобыз тағы да басқа қазақ ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен Ә.Қашаубаевтың әндерін, қазіргі композиторлардың шығармаларын орындауы тиіс. Жалпы конкурс үш кезеңнен тұрады.
Әміре Қашаубаев еліміздің мәдени және тарихи болмысындағы ірі тұлға. Оның орындауындағы «Қызыл бидай», «Үш дос», «Жонып алды», «Ардақ», «Келіншек», Балқадиша, «Дударай» әндері қазақ елінің рухани байлығы мол және өнерлі мекен екендігін айқын көрсетеді. Сондай-ақ Ә.Қашаубаев Еуропаға қазақ әндерін алғаш паш еткендер қатарынан табылады. Мәскеу, Париж, Франкфурт-на-Майне қалаларында өнерсүйер қауым Әміре арқылы қазақ халқының болмысын таныған.
Мәдени іс-шара Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен «Қазақ әуендері» АҚ-ның мұрындық болуымен өтуде.