Алматыда режиссер Сламбек Тәуекелдің "Жерұйық" драмасының тұсауы кесілді - kaz.caravan.kz
  • $ 522.38
  • 612.6
+4 °C
Алматы
2025 Жыл
14 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда режиссер Сламбек Тәуекелдің "Жерұйық" драмасының тұсауы кесілді

Алматыда режиссер Сламбек Тәуекелдің "Жерұйық" драмасының тұсауы кесілді

Алматыда танымал қазақстандық режиссер Сламбек Тәуекелдің "Жерұйық" драмасының тұсау кесер рәсімі болып өтті.

  • 24 Мамыр 2011
  • 1497
Фото - Caravan.kz

Аталмыш фильм тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орай арнайы тапсырыспен түсiрiлген. Фильмнің сценарий авторы Сламбек Тәуекел мен Лаврентий Сон. Туынды Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-да түсірілген.

Фильмде Қазақстан халықтарының достығы сипатталады, өткен ғасырдың 30-жылдарынан соң орын алған жұт кезіндегі елдің жағдайы суреттеледі.

Фильм режиссерінің айтуынша, «бұл фильм — қазақстандық кәрістер, түріктер, шешендер, күрдтер және өзге ұлт өкілдерінің қиын-қыстау кезеңде, өздерінің қайғы-қасіреттеріне қарамастан, құшақ жая қарсы алған қазақ халқына деген алғысы» ретінде түсірілген.

Фильмдегi басты кейiпкер — Орынбай ақсақалдың бейнесiн сан алуан характерлi образдары арқылы танымалдылыққа ие болған Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, театр және кино актерi Болат Әбдiлманов сомдады. Фильмге сонымен қатар, Назгүл Қарабалина, Сергей Петров, Ержан Нұрымбет, Яков Ломега, Бағлан Әбдрайымов, Нұрқанат Жақыпбай, Эдуард Пак, Тамара Қосубаева, Алтынай Нөгербек, Тілектес Мейрамов, Татьяна Цой, Ментай Өтепбергенов, Алексей Шемес сынды актерлер түскен.

«Рөлдiң бәрi адамның iшiнен шыққан баласы сияқты болады ғой. Әр баланы өзiнше жақсы көресiң. Көп рөлдерiмнiң iшiндегi жаныма ең жақыны — осы «Жерұйық» фильмiндегi кейiпкерiм. Бiрiншiден, басты рөл болса, екiншiден, менiң актерлiк қабiлетiме арналып арнайы жазылған. Басқа фильмдердегi шығарған кейiпкерлерiм бiр төбе болса, осы Орынбай рөлi бiр төбе»,-деді бұған дейін 30 фильмде ойнаған актер Болат Әбдiлманов.

Фильм режиссері Сламбек Тәуекелдің айтуынша, кино жылдың төрт мезгiлінде түсірілген. «Фильмде соғыс жылдары да қамтылатын болғандықтан, сол замандағы есiмдерi тарихта қалған тұлғалардың өмiрлерiн көрсеттік. Мәселен, Талдықорған қаласындағы Матай стансасында «Калашников» қаруын ең алғаш ойлап тапқан Михаил Тимофеевич Калашников өмiрiнiң бiр сәтi қысқаша көрсетiлiп өтедi»,-деді ол.

Сценарий авторларының бірі Лаврентий Сон: «Жас бала болған кезімде әкем «Бiз қазақ ұлтының алдында қарыздармыз, жазушы болсаң, Орынбай ақсақал жайлы мiндеттi түрде жаз» деп өлерiнде маған осындай аманат тапсырған еді. Сондықтан жазушы әкемнің соңғы парызын орындап, кәрiстердiң 60-жылдығына Орынбай ақсақал туралы пьеса жаздым. Кейiннен оны киносценарийге айналдырғанда Сламбек Тәуекел тек кәрiстермен байланыстырылған шығарманың аясын кеңейтiп, картинада басқа ұлттардың да (поляк, түрiк, күрд, немiс, украин, еврей т.б.) тағдырын көрсетейік деген ұсынысын білдірді. Фильм осылайша дүниеге келді»,-деді ол.

Басты рөлді сомдаған актер Болат Әбдiлманов: «Өкiнiшке қарай, бес саусақ бiрдей емес. Соңғы кезде жастар арасында ұлтаралық қақтығыстар, түсiнiспеушiлiктер жиi болып жатыр. Соларға аталары, әкелерi «Бiз осында келген кезде қазақ халқы бiздi бауырына басып, үйiнiң бiр бұрышын берген» деп, естерiне салып жүрсе, егер жастар тарихты бiлсе, бұндай жағдайлар болмас едi деп ойлаймын»,-деп атап өтті.

«Жерұйық» драмасы 2 маусымнан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетілетін болады.

Перейти к новостям спорта