Алматыда қыркүйекте VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда қыркүйекте VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді

Алматыда қыркүйекте VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді

Ағымдағы жылы күзде, 19-24 қыркүйек аралығында Алматы қаласында VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді.

  • 14 Шiлде 2011
  • 663
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында «Еуразия» ХКФ-нің ұйымдастыру комитеті мәлім етті.

«Еуразия» ХКФ ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаевтың айтуынша, фестивальдің дайындығы қазірдің өзінде басталып кеткен.

«19 қыркүйек күні ҚР Мәдениет министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, ҚР Кинематографистер одағы және «Еуразия» ХКФ дирекциясының ұйымдастыруымен болатын кинофестивальдің ашылу салтанаты өтеді. Шара жылдағы өтетін орын — «Almaty towers» кешенінде болады. Фестиваль шеңберінде жүретін барлық іс-шаралар мен кездесулер сол ғимарат пен ондағы бес кинозалда өтеді. Қазір ұйымдастырудың негізгі жұмыстары аяқталды. Бағдарлама ауқымды болмақ. Шілде айының соңында фестиваль байқауына қатысатын негізгі картиналар белгілі болады. Конкурсқа 12 картина қатысады. «Еуразия-2011» кинофестивалінің халықаралық қазылар алқасын атақты оңтүстік кореялық режиссер Ким Ки-дук басқарады. Оның «Ариранг» атты соңғы картинасы «Ерекше оқиға» бағдарламасы бойынша көрсетіледі. Қазылар алқасының құрамына сондай-ақ, әйгілі жапон режиссерлерінің бірі Йоичи Сай (2007 жылы оның «Қан мен сүйек» фильмі «Еуразия» конкурсына қатысқан), Ресей халық әртісі, режиссер Владимир Хотиненко және биыл конкурстан тыс «Виртуалды Батыс» бағдарламасында «Қара жұмақ» картинасы көрсетілетін әйгілі француз актері, режиссер және сазгер Жиль Маршан бар», -деді ол.

Оның айтуынша, кинофестиваль барысында халықаралық конкурспен қатар, «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы — 2010 жылдың соңы мен 2011 жылы түсірілген фильмдер», «Халықаралық кинофестивальдардың жүлдегер фильмдері», «Виртуалды Батыс», «Өзгермелі Шығыс», «АҚШ елшілігі ұсынған деректі фильмдер бағдарламасы», «Венециялық кинофестиваль жаңғырығы» бағдарламалары ұсынылатын болады.

Дәстүр бойынша биылғы жылы да «Еуразия» кинофестиваліне әлемдік кино жұлдыздары да келеді. Биыл фестивальдің негізгі қонақтардың арасында «Оскар» сыйлығының жүлдегері, француз актрисасы Жюльет Бинош, американдық актер, продюсер әрі сценарист, «Шанхайтағы талтүс», «Шақырылмаған қонақтар», «Ол, мен және оның достары» фильмдерінің кейіпкері Оуэн Уилсон да бар.

Фестиваль барысында бірнеше «дөңгелек үстел» өткізу жоспарланып отыр. Оларға әлемдегі жетекші кинофестивальдерінің бағдарламалық директорлары (іріктеушілер) қатысады. Сонымен қатар, биылғы фестивальдің жаңашылдығы — жобалар питчингі өтеді. Оны Еуропадағы аса ірі кинокомпаниялардың бірі өткізбек.

Әдеттегідей, фестивальдің бас жүлдесі — ең үздік фильм деп танылған туындыға берілмек (продюсер марапатталады). Бұнымен қатар, режиссура үшін жүлде, үздік актер мен үздік актриса жүлделері тағайындалған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жылы «Еуразияның» аясы кеңейіп, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің «жаңа» туындылары бақ сынайтын ауқымды халықаралық конкурсқа айналмақ.

Бүгінде «Еуразия» Халықаралық кинофестивалі — FIAPF (Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясы) регламентіне сәйкес жұмыс істейтін, әлемдік кинофестивальдар каталогына енген қазақстандық бірегей жоба болып табылады. Қазіргі таңда қазақстандық кинофестиваль үздік фильмдерді ілгерілететін кәсіби алаңға айналып, режиссерлер мен продюсерлер, дистрибьюторлар мен прокатшылар тарапынан жоғары бағаға ие болып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, «Еуразияның» былтырғы конкурстық бағдарламасына он бес шақты қазақстандық фильмнің ішінен А.Сатай («Адасқандар») мен Ф.Шәріповтің «Қызғылт қоян туралы аңыз» фильмдері іріктеліп алынған болатын.

Биылғы жылы түсіріліп болған фильмдердің ішінде Р.Әбдірашевтің эстетикалық сұлулығымен баурап алатын «Балалық шағымның аспаны» фильмі; Е.Кончаловскийдің экшн-фильм заңдары бойынша түсірілген «»А-ға қайта оралу» фильмі; А.Сатайдың «Ликвидатор» фильмі; С. Тәуекеловтің «Жерұйық» фильмі; Е.Нұрмұхамбетовтың «Аңшы бала» фильмі және Д.Саламаттың «Кішкентай» фильмін ерекше атап өтуге болады. Ал, Г.Насыровтың «Гәкку» фильмі, Ж.Пошановтың «Жел қызы» фильмі және Т.Байтүкенов пен Т.Қасымжановтың «Супербаха» фильмі айрықша кинематографиялық әдістерімен ерекшеленеді. Бұл орайда, аталмыш фильмдердің халықаралық байқауға қатысуы мүмкін екендігін айтып өткеніміз жөн. Жалпы елімізде биылғы жылы 27 фильм түсірілген, оның 12-і байқауға іріктелініп алынатын болады.

Соңғы жаңалықтар