Отбасылық құндылықтарды нығайту — өзекті мәселе - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
2 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Отбасылық құндылықтарды нығайту — өзекті мәселе

Отбасылық құндылықтарды нығайту — өзекті мәселе

"Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады. Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады".                                       Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

  • 31 Наурыз
  • 214
Фото - Caravan.kz

Қоғамдағы отбасындағы құндылықтар еліміздегі өзекті мәселеге айналды. Қоғамды дамытып, оны ары қарай ілгерілету – отбасынан бастау алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «әр отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі, сондықтан мемлекет отбасы институтына қолдау көрсетіп, оны жан-жақты жүргізетінін» айрықша атап өткен болатын. Осының өзі мемлекетіміздің отбасы құндылықтары мен институттарына терең мән беретінін көрсетеді.

Ал, біздер бүгінгі таңда отбасылық құндылықтарды нығайтуда дұрыс бағыттамыз ба?

Назарларыңызға Caravan.kz медиа порталының тілшісі елімізде отбасы құндылықтарын дамытуға үлес қосып жүрген жандардың пікірлерін ұсынады.

Жастарға дұрыс жол көрсету маңызды

Ерназарова Айша Ергешқызы, жоғары санатты ардагер ұстаз, Б. Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің иегері.

Біздер жастарымызға дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы, жол көрсету барысында, болашақтағы түрлі қауіп-қатердің алдын аламыз. Осы бағдар барысында салт-дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді әу бастан түсіндіріп келеміз. Соның бәрін әлеуметтік желі дамып тұрған заманда өзге ұлттың дәстүрі мен мәдениетін қазақы тәрбиемізге араластырмай, кіріктірмей өз тектілігімізді сақтап, дәріптеуді қазіргі жастарға ұғындыра білу, жеткізу ел болып, қоғам болып қолға алатын кезеңдеміз. Болары болып, бояуын сіңдірмеуіміз біздің қоғамның борышы. Құдайдың қазаққа берген сыйы мен ата-бабамыз аманаттаған қаншама құндыққа бей-жай қарау – болашаққа балта шабу. Жастарымыздың бойынан қазақы құндылықтарымыз бен отбасы құндылықтарын бойынан көруіміз – ол елдің жемісі мен жеңісі.

Әр отбасынан бастау алар отбасы құндылығы – отбасылық махаббаттан, сыйластық пен сүйіспеншіліктен, мейіріміділік пен адалдықтан құралады.

Отбасы құндылықтарын қалай нығайтамыз?

Бодаш Еркінай Мырзашқызы, мұғалім

—         Отбасы-адамзаттың аса қажетті, қасиетті алтын мектебі. Тәрбиені негіз етіп қойған дана халқымыз баласына кішкентай кезінен әдептілікті, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету дағдысын сіңіріп өсірген. Отбасында мейірімділік пен жауапкершілікті түсініп, қатар алып өскен бала кейін бір отбасының тірегі болары анық. Егер үй ішінде жайлылық орнап, ата-ананың мейірімі, қамқорлығы балаға төгіліп түрса, балаға өз үйінен артық керемет мекен жоқ. Кейін бұл жайлылықты өз отбасына да орнатары анық. Ата-ананың ортасында кикілжің туа қалса, балалардан тыс жерде,  өзара түсінісіп, ортақ шешімге келуі, бұл инабаттылық негізі. Қазіргі жастар осы ұстанымдарды негізге алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ең бастысы жастарымызды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуіміз керек. Әр адам өзі үшін еңбектенуі керек. Біз еңбектену арқылы жастарымызды отбасы құндылықтарын нығайтуға үйретеміз. Болашақта отау құратын әрбір жас ең алдымен бір-біріне деген жауапкершілікті сезінуі керек. Ал жауапкершілік еңбекпен келеді.

Шынтауйтына  келгенде,  отбасының рөлі төмендеген кезде бала сыртқы ортаның әсеріне бейім бола бастайды. Қазір білесіздер, көп ата-аналар балаларының интернет, әлеуметтік желіден, ұялы телефоннан нені көріп отырғандығын, қандай контент жүктеп алғанын тексермейді. Соның салдарынан мектеп жасындағы ұл- қыздарымызды қазір ғаламтор  тәрбиелеп жатыр. Біз жастармен жастар тілінде диалогқа шыға отырып, заман міндеттеген қарым-қатынас платформасын таңдауымыз керек. Бүгінгі әлеуметтік желілер, қоғамдық институттар мен орталықтар тарих тағылымын, халық дәстүрін жастар санасына қолжетімді ерекше мазмұнда бейімдеуге дайын болса ғана ұрпақтар арасында байланыс, яғни сабақтастық орнауы мүмкін. Бұл ретте отбасылық құндылықтарды әр елдің бірегей сипатымен тоғыстыратын тәрбие мектебінің ұстанымдарына жүгінген дұрыс. Біз отбасын сақтау, оның қоғамдық қызметін аса маңызды институт ретінде бағалау арқылы ғана мемлекеттің болашағына зор үмітпен қарай аламыз.

Отбасымызда — отбасы құндылығы сақталған

Аружан Жанбердиева, жас отбасы, кәсіпкер.

— Жолдасым екеуміз отбасын құрғанымызға 2 жыл толды. Біз отбасы құндылығын бойымызға сіңіріп өскен үлкен әулеттен шыққанбыз. Жолдасымның да, менің де ата-әжелеріміз бар. Сол кісілерден ұлағатты сөздер мен қазақи тәрбиені көріп келеміз. Және де болашақта да балаларымызға өзіміз алған тәрбиені береміз деп нық сеніммен айта аламын.

Отбасы құндылығын дәріптеуде елімізде үлкен мән беріп, ден қойған. Соның нәтижесі, елімізде 15 мамыр — халықаралық отбасы күні болып бекітілген. Ал, атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген.

Сонымен қатар президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның міндеті екенін айтты:

«Ана мен баланы қорғау – біздің саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Отбасы құндылықтарын сақтауға және дәріптеуге ата-аналар қауымы да зор үлес қосып келеді. Сіздер әрбір перзенттің тағдырына алаңдап, Отанымыздың болашағын ойлап, шынайы жанашырлық танытып жүрсіздер. Сіздерге және барша отандасымызға амандық, бақ-береке тілеймін! Жасампаздыққа толы игі істеріңіз табысты болсын!».

Біздің жас отбасы ретінде елімізге тигізер міндетіміз — тұғыры биік, салт-санасы қалыптасқан, қазақи тәрбиені жаслғастыратын, отбасы құндылығын дәріптеуді биіктетін елдің болашағымыз, ата-баба аманатын жалғастырушымыз!

Соңғы жаңалықтар