Tengrinews.kz редакциясына ерекше нөмірлі автокөлік түсірілген видео жолданыпты. Тілшілер осы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетіндегілерге хабарласқан. Комитет өкілдері бұл нөмірдің тіркелмегенін айтты. Олардың айтуынша, видеодағы көліктің нөмірі жалған немесе қолдан жасалған болуы мүмкін. Видео авторы бұл оқиғаның Шымкентте болғанын айтып өткендіктен, Оңтүстік Қазақстан облысында жедел іздестіру шараларын жүргізуге және ол көліктің иесін ұстап, әкімшілік жауапкершілікке тартуға нұсқау берілді. Іздестіру шаралары барлық жерде жүргізіледі — бағыттамалар да барлық өңірлік бөлімшеге таратылатын болады. Бірақ хаттама қылмыс жасалған жерде толтырылады", — деді комитеттің ресми өкілі Ирина Лукьянина.
Айта кетейік, қылмыстың бұл түрі үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес ("Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу") әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Мұндай ережебұзушылық жасаған адам 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп немесе бір жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.