18 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 450.79
  • 482.21
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
18 қараша.  АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

18 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

18 қараша. ЖЕКСЕНБІ

  • 18 Қараша 2012
  • 557
Фото - Caravan.kz

Латвия Республикасының мемлекеттік мейрамы — Республиканың құрылған күні (1918). Латвия Республикасы үкіметінің бірінші басшысы болып Карлис Улманис сайланды. Ол кезде Латвия аймағында қызықты жағдай қалыптасқан еді. Бұл мемлекетті шын мәнінде немістер басқарып тұрды, жыл соңында Латвия айлақтарына ағылшынның әскери кемелері келіп кіре бастады, сонымен бірге оның үлкен бөлігінде Кеңес өкіметі орнаған болатын. Қазақстан Республикасы мен Латвия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы желтоқсанның 10-ында орнатылды.

Бүкіләлемдік өкпенің созылмалы ауруына қарсы күні.

Дүниежүзіндегі осы аурумен ауыратын адамдарға мәлімет беру керек және де жасалатын көмектің көлемін кеңейту мақсатымен өкпенің созылмалы обструктивтік ауруына қарсы күрес Жаһандық бастамамен ұйымдастырылған Бүкіләлемдік өкпенің созылмалы обструктивтік ауруына қарсы күні жыл сайын атап өтілетін оқиға болып табылады.

ДДҰ өкпенің созылмалы обструктивтік ауруына дүниежүзілік қоғамның назарын аударатын осы бастаманы қолдайды. Өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы бүкіл әлемде адам өліміне әкелетін маңызы бойынша төртінші себеп болып табылады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

13 жыл бұрын (1999) Астана қаласы көшелерінің біріне жазушы Қошке Кемеңгерұлының есімі берілді.

13 жыл бұрын (1999) Қарағанды облысының Ульянов елді мекенінде Бұқар жырау Қалқаманұлына ескерткіш орнатылды.

8 жыл бұрын (2004) Алматыда Қазақстанда тұңғыш рет Ипотекалық брокерлер мектебі ашылды. Бастамашы әрі ұйымдастырушылары — «БТА-Ипотека» компаниясы мен Коммерциялық жылжымайтын мүлік орталығы (КЖМО). Мектептің басты міндеті — банктер мен риэлторлық компаниялар арасындағы шыңырауды толықтай жабу. Ипотекалық несиелендіру бойынша әрбір банктің жеке өзіндік жағдайлары бар екені жасырын емес. Сондықтан қолайлы жүйе таңдап алу үшін халыққа қолайлы деп тапқан банктерінің әрқайсысынан жеке-жеке кеңес алуына тура келеді. Енді Ипотекалық брокерлер мектебінің аттестаты негізінде жұмыс істейтін кәсіби делдалдардың қызметіне жүгінсеңіз болды.

8 жыл бұрын (2004) Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және политология факультетінде Бүкіләлемдік философия күніне орайластырылған «ХХІ ғасырдағы философиялық мәдениеттер үн қатысуы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Бұл шарадан басқа көрнекті ғалымдардың, оқытушылардың және студенттердің қатысуымен әдеби-шығармашылық «Даналық көзбен» вернисажы, «Ақыл-ой мен сезімдер өрнегі» мюзикл қойылымдар марафоны, философия бөлімшесінің үздік эмблемасы мен логотипі сайысы, студенттер мен оқытушылар арасындағы КТК бәсекесі және де басқа шаралар ұйымдастырылды.

8 жыл бұрын (2004) Қазақстанның Италиядағы Елшісі Италия Президентіне Сенім Грамоталарын табыс етті.

8 жыл бұрын (2004) 18-19 қарашада Минскіде (Беларусь) ТМД елдерінің Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы жөніндегі Үкіметаралық кеңесінің мәжілісі өтті. Оған Беларусь, Ресей, Украина, Молдова, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, мен Грузиядан салалық министрліктердің басшылары қатысты. Кеңес мәжілісі барысында Кеңес туралы Ереженің жаңа редакциясы және іс жүзіндегі қимылдар бағдары қаралды.

6 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мүлікті ресмилендіруге байланысты кешірім жасау мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

7 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақ мемлекеттік Қыздар педагагогика институтында жазушы, ғалым Немат Келімбетовтің «Ежелгі дәуір әдебиеті» және «Үміт үзгім келмейді» деген кітаптарының таныстырылымы болды.

Атамұра» баспасынан шыққан кітап қазақ әдебиетінің ежелгі дәуір кезеңі бойынша жоғары оқу орындарының филология факультетінің студенттері үшін оқулыққа жариялаған байқауында І-орынды жеңіп алған Н. Келімбетовтың қолжазбасын «Ежелгі дәуір әдебиеті» деген атпен бастырып шығарғандарын айтып өтті. Кітаптың таралымы 2 мың дана. Кітаптың құндылығы сақтар мен ғұндар дәуірінде өмірге келген қаһармандық дастандардан бастап қазақ хандығы құрылған кезеңге дейінгі ежелгі түркі әдеби жәдігерліктеріне талдау жасалған. Н. Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» повесінде ауыр науқасқа шалдығып, жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген құштарлығы, қайсарлығы сөз болады. Бұл кітап «Раритет» баспасынан 2 мың данамен шықты.

3 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен АҚШ Әділет министрлігінің Федералдық Тергеу Бюросы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың қылмыстық құқық саласындағы құқықтық қатынастардың өзекті мәселелерін шешудегі екі жақты ынтымақтастық мүддесін тереңдетуге ықпал етеді, ұйымдасқан қылмыспен және қылмыстық іс-әрекеттерден түскен кірістерді заңдастырумен күрес төңірегінде өзара құқықтық көмек көрсетуді көздейді. Меморандумда прокурорларды дайындау мен олардың кәсіби біліктілігін арттыру саласында жұмыс тәжірибесімен, сондай-ақ ұлттық заңнама, заң шығарушылық қызмет, сот төрелігі, тергеудің озық әдістері бойынша ақпарат алмасу қарастырылған.

ЕСІМДЕР

49 жыл бұрын (1963) палуан, грек-рим күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «СК-Астана» коропоративтік қорының бас директоры ТҰРЛЫХАНОВ Дәулет Болатұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Туризм және спорт академиясын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Ол Қазақстанның және халықаралық турнирлердің жеңімпазы, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, және жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионы және күміс жүлдегері, қола жүлдегері, Әлем кубогының екі мәрте жеңімпазы, 12-ші Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы, 24-25-ші Олимпиадалық ойындарының күміс, қола жүлдегері болған. 1995-1999 жылдары екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған. 2000-2006 жылдары Туризм және спорт агенттігінің төрағасы, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

83 жыл бұрын (1929-1994) гимнастикадан спорт шебері, Қазақ КСР чемпионы ҚУАНЫШБАЕВ Қадыр Қалибекұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген.

Қазақстан құрама командасында өнер көрсетті. Жаттықтырушысы — А.Ершов.

1954-1969 жылдары Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институты гимнастика кафедрасының, 1970-1994 жылдары Москва авиациялық институты дене тәрбиесі кафедрасының аға оқытушысы болған.

Гимнастика секциясына қазақ жастарын баулу барысында тыңғылықты жұмыстар атқарған.

63 жыл бұрын (1949) ғалым, филология ғылымының докторы, профессор ТЕБЕГЕНОВ Темірхан Сақаұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында туған.

Қызылорда педагогикалық институтын (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) бітірген.

1972-1974 жылдары Қармақшы ауданы Қуаңдария кеңшарында №186 орта мектептің, 1974-1981 жылдары Қызылорда қаласының №10 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі, тәрбие жұмыстары жөніндегі меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1981-1991 жылдары — Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы. 1991-2005 жылдары — Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры.

Ғалымның өлеңдері, мақалалары республикалық газет-журналдарда, ғылыми жинақтарда жарияланған. Көптеген еңбектері Қытай, Ресей, Татарстан, Түркия, Қарақалпақстан елдерінде жарияланған. 300-ге жуық мақалалардың және 9 кітаптың авторы.

48 жыл бұрын (1964) спорт шебері, шабуылшы ТҰРМАҒАМБЕТОВ Тілеухан дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. Қызылорданың «Мелиоратор», «Қайсар», Алматының «Қайрат», Шымкенттің «Жігер», Тараздың «Тараз» футбол командаларында ойнаған.

КСРО чемпионатының 2-лигасында 76, Қазақстан чемпионатында 47 доп соққан.

67 жыл бұрын (1945) әнші, Қазақстанның халық әртісі, профессор, Қазақ ұлттық өнері университетінің оқытушысы ҚАЛИЛАМБЕКОВА Хорлан Ықсанқызы дүниеге келді. Қарағанды облысы Балқаш қаласында туған. Қарағанды музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясының вокалдық факультетін бітірген.

Еңбек жолын Қазақтың опера және балет театрында әнші болып бастаған. 1972-1999 жылдары — Абай атындағы Қазақтың опера және балет театрының әншісі болған. 1977-1978 жылдары Болгария астанасы Софияның мемлекеттік халықтық опера театрында тағлымдамадан өтіп, әншілік өнерін шыңдаған. 1999 жылдан Күләш Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әншісі. Ол негізінен қазақ композиторлары мен шет ел классиктерінің операларында басты арияларды орындады. Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу», «Алпамыс» операларындағы Қамар мен Қаракөздің, Ғ.Жұбанованың «Еңлік — Кебек» операсында Еңліктің, С.Мұхамеджановтың «Ақан сері — Ақтоқты» операсында Ақтоқтының, т.б. бейнелерін сомдады. Ол сондай-ақ шет ел және орыс композиторларының қазақ сахнасында қойылған операларының арияларын орындады. 1975-1980 жылдары Чехославакия, Польша, Румыния, Португалия, Финляндия, Үндістанда өнер көрсетті. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық өнері университетінде сабақ береді.

«Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл», Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдармен марапатталған.

62 жыл бұрын (1950) «Электр энергиясы мен қуаты рыногының қазақстандық операторы» акционерлік қоғамы ақпараттық-технологиялық қосу және сатып алу бөлімінің бастығы БАЙТЕНОВ Серік Нұрашұлы дүниеге келді. Ақмола (Астана) қаласында туған. Целиноград ауылшаруашылығы институтын (С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті), Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. 1971-1978 жылдары — Есіл аудандық электр желілері мекемесінің электромонтері, учаске мастері, Торғай облыстық электр желілері мекемесінің мастері, техника қәуіпсіздігі және жабдықтау бойынша аға инженер-инспекторы. 1978-1988жылдары — «Целинэнерго» электр желілері мекемесінің аға инженері, экономикалық-жоспарлау бөлімі бастығының орынбасары. 1988-1990 жылдары — «Гурьевэнерго» электр желілері мекемесінің директоры. 1990-1996 годы — «Гурьевэнерго» электр желілері бірлестігі бас директорының экономикалық, коммерциалық сұрақтары жөніндегі орынбасары. 1996-1997 жылдары — «KEGOC» акционерлік қоғамы Сарыбай магистралдық электр желілері филиалының директоры. 1997-2001 жылдары — «Қостанайэнерго» акционерлік қоғамының экономика жөніндегі вице-президенті, президенті. 2001-2005 жылдары — «KEGOC» акционерлік қоғамы Ақмола магистралдық электр желілері мекемесі директорының экономикалық және жалпы сұрақтары жөніндегі орынбасары. 2005-2006 жылдары — «KEGOC» акционерлік қоғамының бас маманы. 2006- 2009 жылдары — «Электр энергиясы мен қуаты рыногының қазақстандық операторы» акционерлік қоғамының экономика және қаржы жөніндегі бас менеджері қызметтерін атқарған. 2009 жылдың қазан айынан — қазіргі қызметінде.

75 жыл бұрын (1937) техника ғылымдарының докторы, ҚР Инженерлік ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті КАЗЫХАНОВ Хозе Рақымжанұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Ленинград инженерлік-құрылыс институтын, Мәскеу жоғары техникалық училищесінің аспирантурасын бітірген. 1962-1970 жылдары — ҚазПТИ-де ассистент, аға оқытушы, доценттің міндетін атқарушы. 1970-1977 жылдары — ҚазМУ доценті. 1977-1992 жылдары — ҚазПТИ-дің кафедра меңгерушісі, бірінші проректоры, 1992 жылдан бастап — Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің професссоры. Қазір құрметті демалыста.

85 жыл бұрын (1927) кеңестік және ресей кинорежиссері, Ресей халық әртісі Эльдар РЯЗАНОВ дүниеге келді.

226 жыл бұрын (1786-1826) неміс композиторы, неміс романтикалық операсының негізін қалаушы Карл Мария фон ВЕБЕР дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар