Қазақстан тұрғындары 2025 жылдың екінші жартысынан бастап Илон Масктың SpaceX компаниясына тиесілі Starlink спутниктік интернетін пайдалана алады. Бұл жаңалықты Цифрлық даму министрлігі растады. Қызмет әсіресе шалғай елді мекендер үшін маңызды болмақ, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Starlink Қазақстанда іске қосылады
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, Starlink спутниктік интернеті 2025 жылдың үшінші тоқсанында қолжетімді болады. Бұл туралы ведомствоның басқарма басшысы Айнұр Әлмұханова мәлімдеді.
Оның айтуынша, жоба шалғай және телекоммуникациялық инфрақұрылымы нашар дамыған ауыл-аймақтарға бағытталған. Яғни Starlink дәстүрлі интернет желісі жете бермейтін өңірлерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тарифтер мен жабдық құны кейінірек жарияланады
Starlink-ке қосылу жолдары мен бағасы жайлы нақты ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Компания бірнеше тарифтік жоспар ұсынып, тұтыну көлемі мен қосылу түріне қарай баға өзгеріп отырады.
«Жабдықтың құны, тарифтер мен қосылу шарттары туралы толық ақпарат Starlink-тің ресми сайтында жарияланады», – деді Айнұр Әлмұханова.
Еске салайық, Қазақстан үкіметі мен Starlink арасындағы ресми келісім 2024 жылғы 28 мамырда бекітілген болатын.