"18 секундта қалай үлгереді?": Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысты тағы да шу шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 439.43
  • 473.31
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
8 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"18 секундта қалай үлгереді?": Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысты тағы да шу шықты

"18 секундта қалай үлгереді?": Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысты тағы да шу шықты

Елімізде бүгін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында autonesie.kz сайты іске қосылып, ол арқылы тұрғындар көлік алуға өтініш беру керек болған еді. Алайда таңғы сағат 10:00-де сайт істен шығып, қазақстандықтар аталған бағдарламаның "шикі" екенін айтып, шу шығарған болатын.

  • 6 Ақпан 2023
  • 54
Фото - Caravan.kz

Осы орайда, Caravan.kz тілшісі арнайы платформа арқылы өтінім бермек болған елордалықтармен тілдесіп көрді.

Елордалық Қуаныш есімді азамат бүгін таңертең бағдарламаға қатысуға өтінім берген көрінеді. Алайда, платформаға кірген бойда, сайттың "құлағанына" көзі жеткен ол, бұдан кейін де платформа жұмысы "жанданып" кететініне сене алмайтынын айтты. 

"Негізі былтырдан бастап осы бағдарламаға қатысқым келген еді. Астанадағы "Hyundai" орталыққа барып өтінім де бергенмін. Бірақ жабылмаған несием болғандықтан, төлемге қабылеттілігім расталмады. Енді биыл жаңа жылға дейін несиемді жауып, осы бағдарлама бойынша, жаңағы autonesie.kz сайты арқылы өтінім жолдамақ болдым. Алайда көргендеріңіздей, сайт бірнеше минутта-ақ істен шықты. Мен таңғы 9-дан бастап сайтқа кіріп, оны қайта-қайта жаңартып отырдым. Сөйтіп сайт 10-да қосылды, бірақ сол күйі өтінішімді қабылдамай қойды. Сосын жаңалықтардан сайттың құлағанын оқып, бәрін де солай болғанын түсіндім. 18 секундта қаншама адам рәсімдеп үлгеріпті, оған да қалдым. Қалай ол көзді ашып, жұмғанша өтінімді рәсімдей алады? Білмеймін, бізде бәрі қызық әйтеуір. Осылай шулатып халыққа бір табан "жақын" бағдарламаны шығарып алады да, оны іске асырауға келгенде бәрі сұйылып кетеді. Жалпы сайтпен өтініш бергенде, қазақстандық сайттардың бәрі құлайды. Мен Экспо үйлерін де дәл солай алғанмын. Ол кездеде де өтінім беру сайты қатарынан 3 рет құлаған еді", — деп еске алды кейіпкер.

Ал, Астана тұрғындарынан аталған бағдарламаға көңіліңіз тола ма деп сұрақ жолдап, блиц-сауалнама жүргізгенімізде, бағдарламаның тиімді екенін, алайда оны жүзеге асыру құралдарын қайта қарау қажет деген жауап алдық.

"Негізі иә, тиімді бағдарлама ғой? 4 пайыздық несиемен қазір көлік алмасақ, кейін оның бағасы тағы қымбаттауы мүмкін ғой? Бірақ мына сайт дегенді естігенде, әу баста-ақ осылай болатынын сезген едім", "Бірінші рет емес қой, үйге өтінім бергенде де осылай сайт құлап жатады, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің", "Түкке таң қалмайтын болдық қой, құласа тағы іске қосылатын шығар", "Тәп-тәуір бағдарламаны іске асыруда басқа да құралдарды пайдалануға болатын еді ғой? Бірақ әлі де үмітіміз бар, бұйырған нәрсе қашпайды дегендей", "Кімнің бағы жанады сол өтеді", "Тисе терекке, тимесе бұтаққа деген осы шығар" деп әзіл-шыны аралас пікірлерімен бөлісті олар.

Аталған мәселеге қатысты "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ баспасөз қызметі пікір білдірді. Айтуларынша, платформа сағат 10.00-де жұмысын бастағаннан бастап алғашқы
18 секундта
761 қазақстандық өз өтінімдерін тіркеп үлгерген.

Ал сайтқа кірушілер саны бірінші минутта 125 мың адамды құраған.

"Аutonesie.kz сайты жүктемені орындап, пулдың қалыптасуын қамтамасыз еткенін атап өтеміз. Лимитке жеткеннен кейін өтінімдерді қабылдау автоматты түрде аяқталды, "өтінім беру" функциясы тоқтатылды. Өтінім беру процесінде кейбір пайдаланушылар автомобиль өндірушісін таңдай алмады, бұл да өтінім лимитіне жетумен байланысты", — деп атап өтті олар.

Айта кетейік, құзырлы орган, сондай-ақ өтінімдерді келесі қабылдау мерзімі наурыз айында, одан әрі – ай сайынғы негізде қолжетімді болатынын мәлім етті.

Еске салсақ, аталған бағдарлама 2022 жылдың мамырында басталған еді. Осылайша жеңілдетілген автонесие бойынша ел азаматтарына отандық құрастырылған көлікке қол жеткізу мақсатында, 4 пайызбен несие беру мүмкіндігі қарастырылған еді.

Десе де бағдарлама қаражаттың игерілуіне байланысты, бұған дейін бірнеше рет тоқтатылған-ды. Ал биыл бағдарлама, бүгін, 6 ақпанда Астана уақыты бойынша сағат 10:00-де autonesie.kz платформасы бойынша іске қосылған еді.

Соңғы жаңалықтар