19 жыл күткен хабар - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+11 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
19 жыл күткен хабар

19 жыл күткен хабар

Қазақстан жаһандық қоғамдастыққа қарай тағы да бір батыл қадам жасады.

  • 24 Маусым 2015
  • 473
Фото - Caravan.kz

Иә, күні кеше қазақ елі сапында 161 мемлекет бар Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру бойынша келіссөздерді табысты аяқтады. Осылайша, 19 жыл күткен қуанышты хабар 22 маусым күні таралып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнайы үндеу жария етті.

«Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 проценті Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады. Біз бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргіздік, келіссөздер оңай болған жоқ. Осы жылдары біздің үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік. ДСҰ-ға мүше болу — күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл — еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Ұйым мүшелігіне Бес халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезеңде қадам басуымыздың символдық мәні бар», — деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бұл ДСҰ-ның тарихына тоқталар болсақ, халықаралық сауда ережелерін ымырашылдық ұстанымдары негізінде реттейтін халықаралық экономикалық ұйым 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастаған болатын. Бастапқы уақытта бұл ұйымның қатарынан 77 мемлекет табылса, араға 10 жыл салып оның мүшелерінің саны 149 мемлекетке жеткен еді. Ал бүгінде ДСҰ-ға мүше мемлекеттер саны 161 болып отыр. санаулы айлардан кейін олардың қатарын Қазақ елі де толықтыра түсетіндігі анық.

Халықаралық сауда-саттықтың іркіліссіз жүргізілуіне септігін тигізу үшін құрылған ұйымның басты қағидатына сәйкес әлемдік сауда жүйесі 5 ұстаным аясында өрістеуі тиіс. Яғни, ең біріншіден, саудада кемсітушілікке жол берілмейді. Демек, кез келген мемлекет келесі мемлекеттің экспорты мен импортына шектеу қоюға құқы  жоқ. Екіншіден, ұйымға мүше мемлекеттерде сауда кедергілері, яғни, екінші елден келетін импортқа қойылатын көлемдік шектеуі болмауы тиіс. Үшіншіден, шетелдік компаниялар, инвесторлар мен үкіметтер қолданыстағы сауда шарттарының кенеттен және бір тараптың еркімен өзгертілмейтініне кепілдік беруі шарт. Төртіншіден, халықаралық саудадағы бәсекелестікті ынталандыруы қажет. Ал соңғысы жоғары дамымаған мемлекеттер үшін халықаралық саудада жеңілдіктер жасау керек.


Міне, осындай ұстаным негізінде жұмыс істейтін ұйымға Қазақстан жыл соңына дейін толық мүше болатындығы күтілуде. Әрине, бастапқы кезеңде еліміздің кәсіпкерлері үшін біраз қиындықтар туындауы мүмкін. Өйткені, еліміз еркін сауда аймағына енгеннен кейін сырттан арзан шетелдік тауардың ағылатындығы сөзсіз. Ал бұл біздің кәсіпкерлерімізге сапалы әрі құны арзан тауар өндіруге итермелейтіндігі анық. Қалай десек те, 19 жыл күткен тоқ жібіді. Қазақстан алдағы уақытта қатарында 161 мемлекет кіретін Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі ретінде сауда-саттығын жандандырып, әлемнің озық мемлекеттерінің сапына қосылуға ұмтылары сөзсіз.