2 ай бойы балаларымды көрмедім - БҰҰ жаңалықтарына шыққан алматылық дәрігер - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2 ай бойы балаларымды көрмедім - БҰҰ жаңалықтарына шыққан алматылық дәрігер

2 ай бойы балаларымды көрмедім - БҰҰ жаңалықтарына шыққан алматылық дәрігер

Алматылық дәрігер, акушер-гинеколог Алтынай Қарағойшиева Қалқаман шағын ауданындағы №1 қалалық клиникалық аурухананың перзентхана бөлімінде акушер, гинеколог болып 5 жылдан бері жұмыс істейді.

  • 24 Шiлде 2020
  • 32
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазір аталған перзентхана COVID-19 жұқтырған әйелдерді босандыратын жалғыз инфекциялық стационарға айналған. Сондықтан бұл ауруханаға ақпан айынан бастап екі есе жүктеме түскен. Басқа перзентханалардан ерекшелігі мұнда хирург, невропатолог, реаниматолог, кардиолог деген сияқты мамандар, МРТ, КТ барлығы бар.

Басқа перзентханалар мұндай мамандарды сырттан шақырады.

«Ақпан айында біздің перзентханаға қалалық Қоғамдық басқарма өкілдері келіп жиналыс өткізді. Наурыздан бастап біздің аурухана COVID-19 стационары болады деп айтты. Бүкіл қала бойынша вирус жұқтырған жүкті әйелдер осы жерден босандырылатын болды. Бізді ешкім мәжбүрлеген жоқ. Таңдау құқығы болды. Басқа жаққа ауысуымызға ешкім қарсылық білдірмеді. Бірақ, перзентхана ұжымы бірауыздан ешқайда ауыспаймыз деп шештік. Елге төнген індетті тек ауызбіршілік жеңе алады деп ойлаймын. Ауыр жұмыстан біз де қашсақ, басқалар да қашса, алғы шепте кім қалады?», — деді Алтынай Қарағойшиева.

Сол жиналыстан соң бөлімшеде дайындық басталған.

«Барлығымызға инфекционистер, эпидемиологтер сабақ жүргізді. Қалай залалсыздандыру керек, қалай ота жасау керек, қалай киім кию керек деген сияқты эпидемиологиялық сабақтарды қайта пысықтадық», — деді А.Қарағойшиева.

Алтынай істейтін аурухана бөлімшесінде қазір 5 дәрігер жұмыс істейді. 3 дәрігер күндіз кезекшілікте болса, 2 дәрігер түнгі ауысымға шығады.

«Өйткені қорғаныс костюмімен 24 сағат жұмыс істеу мүлде мүмкін емес. Бара салысымен қорғаныс костюмін киеміз. Науқастарды аралап шығамыз. Бір дәрігер түскен науқастарды қабылдаумен болса, екіншісі ота жасау, босандыру жұмысымен айналысады. Күніне 2-3 ота жасауға тура келеді. Акушерлік бөлім болған соң, жарты сағаттан кейін не боларын білмейсіз. Әрдайым дайын болу керек. Қазір қорғаныс костюмімен, маскамен әйелдерді босандырып, ота жасаймыз. Өте ыңғайсыз, терлеп жүреміз, маскадан із қалады. Ота кезінде көзілдірік терлейді. Үйренуге тура келеді», — деді дәрігер.

Наурыздан бері перзентхана қызметкерлеріне аураханадан орын бөлінген. Алтынай да өзінің әріптестерімен бірге 2 ай бойы ауруханада қонып, жұмыс істеген.


Алтынай Қарағойшиева 2002-2009 жылдар аралығында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде білім алған.

Еңбек жолын Қарасай ауданының Ұзынағаш қаласына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша бастаған.

Қазір ол 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Жолдасы Ержан Мәмбетов — Ұлттық гвардияның 55/71 әскери бөлімінің 7 рота старшинасы.

Пандемия алғаш келген кезде бұл отбасы балаларын ауылға жіберіп, 2 ай бойы коронавируспен күрестің алғы шебінде болған.

«Жүкті әйелдерде көбінесе өз иммунитеті болады. Алайда ауыр халде пневмониямен түскен жүктілер де жетерлік. Өйткені олардың барлық органдары қысылып тұрады. Сосын дерттің дамуы өте тез. Олар да кішкентай бала сияқты түске дейін жақсы болса, түстен кейін жағдайы нашарлауы мүмкін. Ал нәрестелердің көпшілігі, 95 пайызы COVID-19 теріс нәтижемен дүниеге келіп жатыр. Медицина мамандары аз болғандықтан, оңай болып жатқан жоқ. Кеше айналдырған 2-3 дәрігер 7 ота жасап, 6 әйелді босандырдық», — деді А. Қарағойшиева.

Кейіпкеріміз БҰҰ сайтында өзі туралы мақала шыққанынан хабарсыз болған. Ауысымнан шыққан кезде ғана өзі туралы мақаланы көрген.

Соңғы жаңалықтар