"Бiр жылда қыруар жұмыстар атқарылды. Бiрақ ең маңызды жыл 2014 жыл болмақ. Бiрiншiден, тiркеу құжаты Халықаралық көрме бюросында қорғалады. Ол мақұлданғаннан кейiн бiз ресми байраққа ие болып, көрмеге қатысатын мемлекеттердi шақыру құқығына ие боламыз. Екiншiден, 2014 жылдан бастап ЭКСПО құрылысы басталады. Сiздер бiлесiздер бiздiң климат Еуропаның жайма-шуағы емес. Сондықтан құрылыс өте ауыр болады. 3 жыл деген ұзақ уақыт емес. Дегенмен бiз 2,5-3 жылда 1 млн шаршы метрге тең ЭКСПО нысандарын салып бiтуiмiз шарт. Қазiргi уақытта барлығы жоспар бойынша келе жатыр", — дедi Т. Ермегияев.
Оның айтуынша, инфрақұрылымның дамуына Астана әкiмдiгi де белсендi атсалысуда. Олар қалада әуежайды кеңейтуге, тағы бiр вокзалды салуға қатысты жұмыстарды жүргiзбек.
"Бiз тек ЭКСПО өткiзiп жатқан жоқпыз. Бiз қаланың жаңа форматта дамуына үлес қосамыз. Елорданың бiр бөлiгi қайта жаңғыртылатын энергия көздерiн, яғни геотермальды, күн және жел энергетикасын тұтынатын болады. Қала барлығына үлгi болады. Коммуникация және көлiк инфрақұрылымы саласында электромобильдер қолданылады", — дедi ол.