24 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
24 қараша. СЕНБІ |
Конго Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы - Төңкеріс күні (1965).
АҚШ-та достар табу және адамдарға әсер ете алу күні. АҚШ-та «Қайтіп достар табуға және адамдарға әсер ете алуға болады» кітабының авторы Дейл Карнегидің туған күнінде атап өтіледі.
Батыс Самоада Әйелдер күні. Самоа - Гавай аралдары мен Жаңа Зеландия арасындағы жарты жолда, Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігіндегі мемлекет, Самоа архипелагының батыс бөлігі - Савайя, Уполу, Аполима және де басқа аралдарында жайғасқан. Астанасы - Апиа. Мемлекеттік құрылымы - конституциялық монархия, британдық Достастыққа кіреді. Мемлекет басшысы - тайпалық көсем (монарх). Заң шығарушы орган - бірпалаталы парламент - Ұлттық заң шығарушы жиналыс. Сот билігі - Жоғарғы сот. Әкімшілік-аумақтық құрылымы - 11 округтер. Ресми тілдері - самоа тілі мен ағылшын тілі. Ақша бірлігі - тала (самоа доллары).
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
51 жыл бұрын (1961) Жезқазған қалалық кітапханасына Мұхтар Әуезов есімі берілді.
12 жыл бұрын (2000) «Қазақстан» журналы жарық көрді.
8 жыл бұрын (2004) Алматыда көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Сауық Тәкежанов тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды.
С.Тәкежанов еліміздің металлургиялық саласын дамытуға зор үлес қосқан. Оның тікелей қатысуымен жаңа өндірістер ашылып, жаңа технологиялар мен жабдықтар жасап шығарылған, олар тек республикада ғана емес, тысқары мемлекеттерде де қолданылып, кеңінен іске қосылған. Білікті басшы бастамасымен «Қазақстан алтыны» бағдарламасы жүзеге асырылды. С.Тәкежанов кәсіби деңгейлері аса жоғары ғылыми және инженер-техник мамандар дайындауға да қомақты үлес қосқан. Дарынды қайраткердің жемісті еңбегін әлемдік ғылыми қауымдастық та орынды бағалаған.
Ленин, төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» орденімен марапатталған. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген металлургы», «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнертапқышы».
8 жыл бұрын (2004) 24-28 қарашада Петропавл қаласында Әлем кубогының иегері, КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Кәміл Сафиннің жүлдесі үшін жастар арасындағы бокстан турнир өтті. Оған Қазақстаннан, Қырғызстан мен Ресейден 315 жас боксшылар қатысты. Петропавлдық Г.Окунев үздік боксшы деп танылды, ал турнирдің үздік төрешісі атағын алматылық С.Жақыпов иеленді.
8 жыл бұрын (2004) Ақтөбеде «Көгілдір құс» мүмкіндіктері шектеулі балалар шығармашылығы фестивалі болып өтті. Ұйымдастырушылар - қалалық әкімшілік, сал болып қалған азаматтарды қорғау одағы. Фестиваль мақсаты - талантты мүгедек балаларды тауып, қолдау көрсету және оларды қоғамдық қарым-қатынастарда өздерін еркін сезінуіне жәрдемдесу.
6 жыл бұрын (2006) Алматыда «SOMUART-2006» І әлеуметтік музыкалық арт-фестиваль өтті. Оны Қазақ менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП) ұйымдастырған. Өнер фестивалінің мақсаты - жастардың және қоғамдастықтың Алматыдағы кейбір кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселелеріне назар аудару.
7 жыл бұрын (2005) Алматыда М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында қаламгер Ә. Әмзеұлының «Қара кемпір» музыкалық драмасының премьерасы болды.
Жаңа спектакльдің режиссері - Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, қоюшы-суретшісі - М. Сапаров. Спектакльде Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың әндері пайдаланылған. Басты рольдерде Рахила Машурова, Бекжан Тұрысбек, Дулыға Ақмолда, Асылбек Боранбай және басқа да әртістер ойнады. «Қара кемпір» - сол әзіз де, азалы аналардың бірі, әрі бар аналардың жиынтық бейнесі. Қойылым бастан-аяқ Ана қарғысын адамзат қасіреті - сұм соғысқа қарсы қоя білумен ерекшеленеді. Мұндағы Ана - жарық күннің, жасампаздықтың символы, тіршіліктің өзегі.
5 жыл бұрын (2007) Ақтауда геолог, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Лениндік сыйлықтың және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахмардан Есеновке ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл шара Қазақстанның, Маңғыстау өңірінің геология ғылымын дамытуға баға жетпес үлес қосқан ғалымның 80 жылдығына орайластырылған.
3 жыл бұрын (2009) Алматыда Қытайдағы қазақ әдебиетінің классигі, белгілі саяси қайраткер, шыңжаңдық қандасымыз Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романының тұсаукесер рәсімі өтті.
3 жыл бұрын (2009) Лондонда Қазақстан туралы алғашқы «Горилла Гайд или как выжить в джунглях бизнеса Казахстана» атты бизнес-анықтамалықтың таныстырылымы өтті.
Алғаш рет ағылшын тілінде шығарылып отырған іскерлік анықтамалықты британдық Стэйси Интернэшнл баспасы әзірледі. Оның таныстырылымы Лондон директорлар институтында болды.
Басылым авторларының бірі Майкл Фергюс - экономист және жазушы, ол бұған дейін де республика бойынша ақпарат беретін жалпы сипаттағы анықтамалықты шығарған болатын. Қазақстандық автор Виталий Кротовпен бірлесіп жазылған жаңа кітап біздің елмен іскерлік байланыстарды орнатуға мүдделі батыстық кәсіпкерлерге арналған.
Кітапта тарихқа қысқаша шолудан бастап, ұшақтар кестесіне дейін әртүрлі тақырып мол қамтылған.
ЕСІМДЕР
79 жыл бұрын (1933-1997) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі АЙНАҚҰЛОВ Тұрсынжан дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы музыкалық училищесін бітірген. Өнер жолын Еңбекшіқазақ ауданы ұжымшар-кеңшар театрларының сахнасынан бастап, Талдықорған облыстық драма театрында актер болып қызмет етті. Айнақұлов ұлттық және аударма драматургия бойынша қойылған спектакльдерде әр алуан рөлдерді Кебек, Абыз, Асан, Алшағыр, Майқан (М. Әуезов «Еңлік - Кебек», «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Түнгі сарын»), Қозы, Науан хазірет (Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты»), Сапар, Сардар (Қ.Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында», «Өзіме де сол керек»), Досан (Б.Майлин «Майдан»), Әбілқайыр (Т.Ахтанов «Ант»), Ақсақ Темір (И.Оразбаев «Күшігінен таланған»), Алексей (В.Вишневский «Оптимистік трагедия»), Хлестаков (Н.Гоголь «Ревизор»), Лир (У.Шекспир «Король Лир») ойнады. Ойнайтын рөлінің сахналық кескін-келбетін шынайы көрсету, мінез ерекшелігін даралау әрі психологиялық тұрғыдан нанымды бейнелеу Айнақұловтың актерлік шығармашылығына тән қасиет.
Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
58 жыл бұрын (1954) философия ғылымдарының докторы, әділет полковнигі, еркін және грек-рим, дзюдо күрестері бойынша спорт шебері, еркін күрес бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, спорттық күрестің халықаралық федерациясының (ФИЛА) мүшесі СЫЗДЫҚОВ Аманғазы Аушахметұлы дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған.
Ақмола инженерлік-құрылыс институтын, Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын Екібастұз қалалық ішкі істер бөлімінің ведомствадан тыс бөлімінде милиционер болып бастаған. 1976-1991 жылдары аралығында I-мемлекеттік автокөлік инспекциясында басшылық қызметтер атқарды. 1992-1998 жылдары - Павлодар облысы Ішкі істер бөлімі мемлекеттік автоинспекция басқармасының бастығы. 1998-1999 жылдары - Павлодар заң колледжінің аға оқытушысы. 1999-2003 жылдары - Павлодар заң колледжі бастығының орынбасары. 2003 жылдан - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Павлодар заң колледжінің бастығы.
1993-1997 жылдары аралығында грек-рим және еркін күрес бойынша федерациясының Президенті. 1994-1998 жылдары Хиросима қаласында (Жапония) болған азиялық күрес федерациясының вице-президенті болған.
«Спорттық күрестің болашағы» атты ғылыми монографияның авторы.
Халықаралық күрес федерациясының «Алтын» орденімен, медальдармен марапатталған.
58 жыл бұрын (1954) физика-математика ғылымдарының кандидаты, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның даму жөніндегі басқарушы директоры ИМАШЕВ Мұрат Саттарұлы дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында туған.
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті теориялық физика кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы болып жұмыс істеген. 1991-1993 жылдары - Перспективалық зерттеулер мен технологиялар қорының бас директоры, Республикалық металдар биржасының биржалық кеңесінің мүшесі. 1993-1995 жылдары - «КазФинТех» Жабық түрдегі акционерлік қоғамының бас директоры. 1995-1998 жылдары - «Айнұр-банк» Ашық түрдегі акционерлік қоғамының бақылаушылар кеңесінің төрағасы, басқарма төрағасының міндетін атқарды. 2000-2001 жылдары - «ҚазТрансГаз» ЖАҚ-ы активтерді басқару департаментінің менеджері. 2001-2002 жылдары - «Мұнай және газ көлігі» ҰК» ЖАҚ-ы корпоративтік даму, газ жобаларын басқару департаменттері директорының орынбасары. 2002-2009 жылдары - «ҚазТрансГаз» АҚ-ның корпоративтік даму департаментінің директоры. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың наурызынан.
Кванттық өріс жөніндегі 50-ден аса ғылыми еңбектердің авторы.
117 жыл бұрын (1895-1983) қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, жазушы, аудармашы БЕГАЛИН Сапарғали Ысқақұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. 1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ) училищесін бітірген.
1929-1935 жылдары Дегелең облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болды. Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түрксіб басқармасында жауапты жұмыстар атқарды. 1935-1960 жылдары «Теміржолшы» газетінде, Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар одағында әр түрлі қызметтер атқарған. Алғашқы өлеңі - «Қазақ бозбалаларына» деген атпен 1914 жылы «Айқап журналының» №9 санында басылды. Алғашқы кітабы «Қыран кегі» 1944 жылы жарыққа шықты. 1948 жылы басылған «Көксегеннің көргендері» повесі артынан орыс тіліне аударылған. 50-60 жылдары «Жас бұтақ», «Ермектің алмасы», «Бақыт», «Жеткіншектер», «Ананың күші», «Мектеп түлектері» әңгімелер жинақтары, өлеңдер мен поэмалар жинағы «Сырлы қайнар», «Цимлян теңізі», «Көтерілген тың» шыққан. Жазушы Шоқан Уәлихановтың бейнесін жасауда көп жұмыс істеген, нәтижесі - «Шоқанның балалық шағы», «Шоқан асулары» повестері, «Замана белестері» романы жарық көрді. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап жинақ етіп шығарды, өнер саңлақтары жөнінде, жыр алыбы Жамбыл Жабаев туралы монография жазды. Көптеген туындылары шетел тілдеріне аударылған. С. Бегалин А. Пушкиннің, М. Лермонтовтың, Д. Мамина-Сибиряктың, Н. Лесковтың және тағы басқа жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Халықтар Достығы, 2 рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
55 жыл бұрын (1957) ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы ҚОЗЫБАЕВ Ілияс Манашұлы дүниеге келді.
Қостанай қаласында туған. Тарих ғылым докторы (1992), профессор (1993). ҚазМУ-ды (1980, қазіргі ҚазҰУ) бітірген. Алматы халық ш. институтында стажер-ізденуші (1980-82, қазіргі Қазақ эконономикалық университетті), Қазақстан КП ОК-нің Партия тарихы институтында кіші ғыл. қызметкер (1982-90), ҚазҰУ-да доцент (1990-92), ҚР Жоғары аттестациялық к-тінде бөлім меңгерушісі (1992-93), Қазақ Мемлекеттік басқару академиясында профессор (1993-97, қазіргі Қазақ экон. университетті), Түркия мен Беларусьтегі ҚР елшілігінде 1-хатшы (1997-99), ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім мин-лігінде к-т төрағасының орынбасары (2001-02), Венгрияда және Ресейдегі ҚР елшіліктерінде 1-хатшы (2002-06) қызметтерін атқарды. 2006 жылдан Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында бас ғылыми қызметкер. 2009 жылдан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2010 жылғы ақпаннан бері.
55 жыл бұрын (1957) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассам блеясының мүшесі КАППЕЛЬ Егор Яковлевич дүниеге келді.
Ақмола облысының Оксановка ауылында туған. Целиноград қаласындағы инженерлік - құрылыс институтын бітірген. Институтты бітіргеннен кейін Ақмола облысы Вишнёвка ауданының «Вячеславский» совхозында аға прораб болып жұмыс істеген. 1986 -1990 жж. - Ақмола облысы Вишнёвка аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1990-1995 жж. - Ақмола облысы Вишнёвка ауданы «Анар» совхозының директоры. 1995 - 2004 жж. Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімі. 2004 - 2007 жж. - Ақмола облысы Ерейментау ауданының әкімі. 2007- 2011 жж. - IV сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылдың қаңтар айынан бастап V сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, «ҚХА» депутаттық тобының мүшесі.
«Құрмет» және II дәрежелі «Достық» ордендерімен марапатталған.
283 жыл бұрын (1729-1800) рорыс қолбасшысы, генералиссимус СУВОРОВ Александр Васильевич дүниеге келді.
143 жыл бұырн (1869-1951) португал әскери және саяси қайраткері, Португалия маршалы Антониу Ошкар ди Фрагозу КАРМОНА дүниеге келді.
114 жыл бұрын (1898-1969) ҚХР мемлекет қайраткері, Қытай Коммунистік партиясы басшыларының бірі, 1959-1968 жылдардағы ҚХР Төрағасы Лю ШАОЦИ дүниеге келді.
78 жыл бұрын (1934-1998) орыс композиторы, музыка теоретигі және педагог ШНИТКЕ Альфред Гарриевич дүниеге келді.
71 жыл бұрын (1941) кеңестік және ресейлік тележүргізуші, КТК ұйымдастырушысы және жүргізушісі МАСЛЯКОВ Александр Васильевич дүниеге келді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін