Жарияланды: 380

4 айлық сәбиді қағып өлтірген қос әйел 7 жылға сотталуы мүмкін

Алматыда 4 айлық сәбиді көлікпен қағып өлтірген келіншектерге қатысты сот отырысы жалғасуда. Мас күйінде көлік тізгіндеген қос әйел о бастан кінәні бір-біріне жауып, жауапкершіліктен құтылуға тырысып келеді. Енді сотта сөйлеп жатқан оқиға куәгерлері де шатаса бастады. Яғни олардың сөзі мың құбылуда. Кейбіреулер сол кезде әйелдердің оқиға орнынан қашып кетуге әрекеттенгенін де айтып қалды. Естеріңізге салсақ, жантүршігерлік оқиғадан бір

нәресте көз жұмып, тағы 2 адам зардап шеккен еді.

Қайғылы оқиға «Қалқаман» ықшамауданында мамыр айында болған еді. Ащы суға сылқия тойып алған екі әйел үш адамды қағып, 2 көлікті соққан. Салдарынан 4 айлық нәресте ауыр соққы алып, бірден көз жұмды. Баланың өліміне себеп болған күдіктілер жастары 30-дан асқан Зайра Серікбаева мен Айгүл Есенбаева. Олар о бастан бір-бірін кінәлаумен келеді. Енді оқиға куәгерлері де шатасып, болған жәйтті әртүрлі етіп айта бастады.

- Айгуль я видела со стороны руля. Она стояла со стороны руля и все люди на нее говорили.

Қос құрбы күні бойы 2 литр көлемінде ішімдік ішіп, бір-біріне көлік жүргізуді үйретпек болған. Жылдамдықты да шамадан асырып айдапты.

Айыпталушылар тергеу амалдары аяқталғанша, темір торға қамалған.  Ал көз жұмған нәрестенің туыстары еш көмек көрмегенін айтты.

Әминам Өзденова:

- 15 жастағы зардап шеккен қыздың еміне көмектесті. Ал, 4 айлық баланың өлімі туралы еш сөз қозғамайды. Ештеңе болмағандай кейіп танытады.  Тек кешірім сұрағаны болмаса.

Соғылған көлік иелері де айыпталушылардан өтемақы талап етуде. Куәгерлердің айтуынша, мас әйелдер тіпті оқиға орнынан қашып кетуге де тырысқан. Өзара келісіп жатқан дауыстарын анық естідік дейді. Сот отырысында куәгерлердің атынан жалған куәлік жасалғаны да анықталды. Оқиғаны көзімен көргендер қағаздағы өз жазуларын танымағанын айтып отыр.

Динагүл Жұмағалова, оқиға куәгері:

- Ол қағазда рөлде  шынымен Зайра Серікбаева отырды деп жазылған. Оны мен жазған жоқпын. Өз жазуымды өзім білемін ғой. Менің бұлай айтуым мүмкін емес. Себебі, рөлде кімнің отырғанын нақты білмеймін.

Естеріңізге салсақ, алдыңғы сот отырысында зардап шеккен 15 жастағы қыздан түсініктеме алынған еді. Зардап шегуші оқиғаның қалай болғанын баяндап берген. Енді жаңа деректер тексерілу үшін үзіліс жарияланды. Келесі сот отырысы ертең өтпек. Ал Айгүл Есенбаеваның адвокаты айыпталушының мүгедек ұлы бар екенін айтып, жеңілдік сұрауда. Бірақ, қылмыстары анықталса екі әйелде 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылулары мүмкін.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін