Армения барлау әскерлерінің күні. 1992 жылдың 5 қарашасынан, Армения Қарулы күштерінің барлау бөлімшелерін құру аяқталған күннен бастап аталып өтеді.
Әскери барлаушы күні. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 490-ыншы бұйрығымен бекітілген.
Перудегі Пуно күні. Үндістердің аңызында инктердің ежелгі ата-бабалары — Манко Капак пен оның апайы және әйелі Мама Окльо Титикака көлінің суынан шығып, қаланың негізін қалайды. Олар Манко Капактың алтын аса таяғы жерге кіретін орынды іздейді. Сол жерді таба салысымен инктердің қаласын тұрғыза бастайды. Пуно күні дәстүр бойынша Титикака көлінің жағасындағы сол аттас қалада аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1992) Алматыда Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдық мерейтойына арналған театр фестивалі өтті. Фестиваль қорытындысы бойынша «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» қойылымын сахналаған Жезқазған облыстық музыкалық драма театрының ұжымы бірінші сыйлыққа ие болды.
19 жыл бұрын (1993) Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Шет елдерде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясын белгілеу туралы» № 1394 қаулысы шықты.
13 жыл бұрын (1999) Көкшетау қаласында мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат Абылай хан ескерткіші ашылды.
8 жыл бұрын (2004) Қызылордадағы көшенің біріне Сағымбай Рысбаевтың есімі берілді. Ол өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары қала басшысының қызметін атқарған, маңайдағы ауылдарының біріндегі қоймада сақталған 5-6 тонна тарыны аштықтан қиналғандар арасында бөліп бергені үшін қуғын-сүргінге ұшыраған. Ол Сәкен Сейфуллинмен және Бейімбет Майлинмен тығыз достық қарым-қатынаста болған екен. С.Рысбаев — асқан мәдениетті адам болған, айналасындағыларға адамгершілікпен қарап, жанашырлығымен, тыңғылықты білімділігімен де ерекшеленген.
8 жыл бұрын (2004) Таразда республикалық жеңіл атлетикалық кросс жарысы өтті. Оған Қазақстанның сегіз облысынан 200 спортшы қатысты. Бірінші орынды Жамбыл облысының жеңіл атлеттері жеңіп алды.
8 жыл бұрын (2005) Семей қаласындағы «Весеняя» көшесіне қазақтың белгілі саяси қайраткері, «Алаш Орда» партиясы мүшелерінің бірі Райымжан Марсековтың есімі берілді. Дәл осы күні оған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Райымжан Марсековтың ұрпақтары мен туған-туыстары қатысты.
Райымжан Марсеков мемлекетіміздің дамуы мен қалыптасуына өзінің елеулі үлесін қосқан. Ол алашорда қозғалысының белді жетекшілерінің бірі, белгілі заңгер болды, сотты басқарды. Райымжан Марсеков қуғын-сүргін жылдары елді тастап Қытайға жер аударуға мәжбүр болды. Қазақтың саяси қайраткері ұрпақтарының айтуынша қаладағы көшелердің біріне Райымжан Марсековтың есімін беру үшін бірнеше жыл қажет болды. Қалалық мәслихат депутаттары ономастикалық комиссияның ұсыныстарын қолдады.
7 жыл бұрын (2005) «Қазақконцерт» мемлекеттік гастрольдік-концерттік бірлестігінде «Алыстағы әуен» кітабының таныстырылымы өтті. Жинаққа 100-ден астам өлеңдер кірді, оларды Қытайда тұрып жатқан қазақ композиторлары жасаған. Оқырман жаңа кітаптан Таңжарық Жолдыұлы, Әсет Найманбайұлы, Әріпжан Жанұзақұлы, Сұлтан Мәжитұлы сынды композиторлардың шығармаларын таба алады. Жинақтың авторы — 80-жастағы Мұхаммед Әбдіқадырұлы (танымал опера әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, көптеген Халықаралық сыйлықтардың лауреаты Майра Мұхаммедқызының әкесі), ол ҚХР Синцзянь-Ұйғыр автономды ауданында тұрады және көп жылдар бойы халық шығармашылығының туындыларын жинайды және оларды зерттейді. Бұл оның жетінші кітабы. Бұрын оның күй, өлең және басқа да шығармалары жинақ болып шыққан және оның ұлттық музыкалық аспаптардың тарихына арналған кітаптары жарық көрген.
5 жыл бұрын (2007) Дамаск қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сирия президенті Башар Асад келіссөздерінің қорытындысы бойынша екі жақты құжаттар топтамасына қол қойылды. Атап айтқанда, білім және ғылым саласында үкіметаралық келісім жасалды. Қазақстан мен Сирия Сыртқы істер министрліктері арасында өзара саяси консультациялар туралы декларацияға қол қойылды. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сирияның Ауыл шаруашылығы және аграрлық реформалар министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сонымен қатар, мемлекеттер елордалары — Астана мен Дамаск арасында серіктестік қарым-қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойылды.
3 жыл бұрын (2009) Орал қаласының электрондық картасы жасалды. Оның ресми атауы — мемлекеттік қала құрылысы кадастры. Орал — мұндай картаға ие болған Астана мен Қарағандыдан кейінгі үшінші қала. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кадастры ақпараттық-құқықтық жүйесіне енетін картада қаланың бұрынғы және қазіргі аумағы, ғимараттары мен орындары, құрылысы мен инженерлік желілері туралы деректер бар. Оған ғимараттардан бастап электр желілері бағаналары, бағдаршамға дейін бәрі енгізілген. Ол түрлі өзгерістерге байланысты толықтырылып отыратын болады.
3 жыл бұрын (2009) Алматыда Қазақстан Республикасының ғалымы Берлин Иришевтің «Европаға жол. Евроодақ: интеграциялық моделінің тәжірибесі» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Кітапта ұлттық саясат (бюджеттік, қазыналық, әлеуметтік) және ұлт үстіндегі саясат (шақалық, бәсекелестік) арасындағы өзара қатынас жазылған. Бұл саясат түрлерінің мазмұны мен ерекшеліктеріне, кітаптың жеке бөлімі арналған, онда толығымен Евроодақтың қызмет істеу ерекшеліктері баяндалған. Автордың болашақ әлемдік валюта жүйесінің көрінісі тұжырымдамалық болып табылады, долларлық қалыптан үш тағанға (евро, доллар, юань) және содан бірлестірілген әлем валютасына келуі, аймақтық жүйе мен ұлт үстіндегі валюта арқылы болып саналады.
Кітаптың бөлімі Евроодақ пен Орталық Азия арасындағы стратегиялық серіктестіктің қиындықтарын қарастыруға арналған. Аймақтағы интеграциялық модельдердің галактикасын қарастыра келіп, әліде олардың эмбриональдық қалыпта қалып тұрғанына, автор өз өкінішін білдіреді. Алайда автордың пікірінше бұл аймақ табиғат қорына бай болып келеді және нақты әлеует әлемдік геосаясатта маңызды субъект ретінде болуы әбден мүмкін. Көлемі 567 беттен тұратын жұмыс орнықты статистикалық және фактологикалық базасымен қамтылған: онда 70 астам кестелер, схемалар және диаграммалар бейнеленген. Кітапта бірқатар қойылымдылық
ЕСІМДЕР
49 жыл бұрын (1963) ақын, Дүниежүзі қазақтары жыр мүшәйрасының екі дүркін жүлдегері ЕЛЕМЕС Құл-Керім дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесінде туған. 1986-1993 жылдары Іле Қазақ автономиялық облысының «Іле» газетінде бөлім редакторы, Шынжаң халық радиостансасының әдеби қызметкері болған. 1994 жылы атамекені Қазақстанға біржолата қоныс аударған. Республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ елі» газеттерінде тілші, «Жалын» баспасында аға редактор болып жұмыс істеген. Қазір республикалық «Балдырған» журналында бөлім редакторы. Ақынның «Ақ жалын», «Жұлдызды түн», «Жетінші аспан» атты жыр жинақтары жарық көрген. 10 күйдің авторы.
48 жыл бұрын (1964) киноактриса ДОСМАТОВА Гүлнар Абдуллақызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1985 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актрисасы.
Кинодағы алғашқы елеулі ролі — «Даладағы қуғын» фильміндегі Әйгерім. 20-дан астам фильмге түскен. Олардың ішінде «Жеңімпаз», «Мерекенің үш күні», «Кардиограмма», «Адамдық тағдыр», отандық телесериал «Тоғысқан тағдырлар», және т.б.
«Адамдық тағдыр» фильміндегі ролі үшін 1985 жылы Минскіде (Беларус) өткен Бүкілодақтық кинофестивальда «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін иеленген. 2000 жылы «Жыл таңдауы» байқауында «Жылдың үздік актрисасы» атанды.
57 жыл бұрын (1955) Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті ректорының стратегиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі БЕКМАҒАМБЕТОВ Ғалым Мадешұлы дүниеге келді. Қарағанды облысы Шет (бұрынғы Ағадыр) ауданында туған. Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
1977-1979 жылдары — Целиноград педагогикалық институтының оқытушысы болды. 1979-1981 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болған. 1981-1987 жылдары Көкшетау облыстық комсомол, партия органдарында басшылық қызметтер атқарды. 1987-1988 жылдары Мәскеу қаласында КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінде қызмет еткен. 1988-1992 жылдары — Көкшетау кооперативтік техникумы директорының орынбасары, Ақмола облыстық атқару комитетінің аға референті, Көкшетау қалалық атқару комитеті іс қағаздары секторының меңгерушісі, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1992-1995 жылдары- Көкшетау қалалық әкімшілігі аппаратының жалпы бөлім меңгерушісі, «БАТТ» корпорациясының Көкшетау қаласындағы филиалының директоры. 1995-1997 жылдары — Көкшетау облыстық әкімшілігі аппаратының қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, Көкшетау облысы әкімінің ішкі саясаты және әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі. 1997-2003 жылдары — Көкшетау қалалық әкімінің орынбасары. 2003-2010 жылдары — Ақмола облыстық әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2010 жылдың сәуірінен — қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен және басқа медальдармен марапатталған.
61 жыл бұрын (1951) ҚР Ұлттық ядролық орталығының Ядролық физика орталығының директоры ТӨЛЕУІШЕВ Әділ Жианшахұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін бітірген, техника ғылымдарының кандидаты. 1975-1982 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының металлургия және байыту институтында аға инженер және кіші ғылыми қызметкер болды. 1982-1992 жылдары — ҚазМУ-дың аға аға ғылыми қызметкері. 1992-1997 жылдары ҚР ҰҒА Ядролық физика институтының металдарды ионды имплатанциялау зертханасында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер. 1997-2007 жылдары — Ядролық физика институты директорының орынбасары міндетін атқарушы, директордың орынбасары, бірінші орынбасары, ал 2007 жылдан — осы институттың директоры.
71 жыл бұрын (1941) жазушы ШАХАНҰЛЫ Берік дүниеге келді.
1941 жылы 5 қарашада Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, «Жайылма» ауылында туған. 1959 жылы орта мектепті бітірген соң екі жыл шопан болып істеген. 1961 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түскен. Университетті бітірген соң 1966-1970 жж. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер, 1970-1973 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер, 1973-1989 жылдар аралығында «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, 1989-1991 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер болып істеген. 1991-2002 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында аға референт болып қызмет атқарды. 1991-2002 жж. Қазақстан Жазушылар одағы кәсіподақ комитетінің Төрағасы. 1996 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. 2002 жылы 27 сәуірде шақырылған
Қазақстан Жазушыларының кезекті ХІІ құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары болып сайланды. 2007 жылы 6 маусымда шақырылған Қазақстан Жазушыларының кезекті ХІІІ құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары болып қайта сайланды. Б.Шаханұлының есімі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының және Министрлер Советінің 1981 жылғы 26 мамырдағы қаулысы бойынша бесжылдықтың тапсырмаларын орындаудағы аса көрнекті табыстары үшін Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Алтын Құрмет кітабына жазылған.
1991 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Құса» атты повестер мен әңгімелер жинағы үшін 1992 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болған. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2002), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2003), «Астанаға 10 жыл» медалімен (2008) марапатталған.
2002 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссияның мүшесі болды.
Б.Шаханұлына Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы желтоқсанның 5-індегі жарлығы бойынша «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген. Сарысу ауданы, «Жайылма» ауылының Құрметті азаматы.
Алғашқы әңгімелері «Ақ теке» 1962 жылы «Балдырған» журналында, «Менің ағаларым» 1963 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған. Содан бері бірыңғай проза жанрында еңбек етіп келеді.
Көркем аударма саласында да еңбек еткен. Әзербайжан жазушысы Анардың «Ақ жағалау» атты повестер, әңгімелер жинағын, нивхы жазушысы Владимир Сангидің «Қайырлы маусым» романы мен бір топ әңгімелерін қазақ тіліне аударып бастырған.
92 жыл бұрын (1910-1969) 28 гвардияшы-панфиловшылардың бірі, Кеңес Одағының Батыры Васильев Илларион Романович дүниеге келді.
Ресейдің Кемеров облысында туған. Бастауыш мектепті бітірген. Етікшілер артелінде, одан кейін кеңшарда жұмыс істеді. 1941 жылдан Қызыл Армия қатарында болды. 1941 жылғы қыркүйектен Ұлы Отан соғысындағы ұрыстарға қатысты.
1075 атқыштар полкінің мергені, қатардағы жауынгер (316-атқыштар дивизиясы, 16-армия, Батыс майдан). Дубосеково теміржол разъезінде (Мәскеу облысы, волоколам ауданы) 1941 жылғы 16 қарашада саяси жетекші В.Г.Клочковтың басшылығымен танкілерді жойғыш топ құрамында шайқасты, бұл топ 18 жау танкісін жайратты. Осы ұрыста ол ауыр жарақаттанды. 1942 жылы 21 шілдеде неміс-фашист басқыншыларымен шайқаста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса берілді.
1943 жылы аға сержант И.Р.Васильев денсаулығына байланысты аримя қатарынан босатылды. 1963 жылға дейін Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Көксу ауылында, одан кейін Кемеров қаласында тұрды, 1969 жылғы 6 қазанда қайтыс болды.
Кемеровта батыр атындағы көше, Кемеров облысындағы Промышленный ауданындағы Плотниково аулындағы мектепке есімі берілген. Мәскеу облысының Волоколам ауданындағы Нелидово деревнясында панфиловшы-батырларға мұражай ашылған. 28-панфиловшылар ерлік көрсеткен жерде мемориал орнатылған.
40 жыл бұрын (1972) Павлодар қаласының әкімі ЖҰМАБЕКОВ Болат Серікұлы дүниеге келді.
Көкшетау облысының Куйбышев ауданы Куйбышев кентінде дүниеге келген. Ақмола ауылшаруашылық институтын, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Оның ғалым агроном, заң бакалавры мамандықтары бар. Еңбек жолын 1995 жылы СҚО Тимирязев ауданында шаруа қожалығының агрономы мамандығынан бастады. 1999-2005 жылдары Тимирязев аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеттің төрағасы болып жұмыс істеді. 2005-2007 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы. 2007-2009жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкімі лауазымын атқарды. 2009 жылғы сәуірден 2011 жылғы қыркүйекке дейінгі аралықта Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы. 2011 жылғы қыркүйектен бастап Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2012 жылғы ақпаннан бастап Петропавл қаласының әкімі.
108 жыл бұрын (1904- 1993) орыс және үнді суретшісі, қоғам қайраткері, шығыс өнері мұраларын жинаушы, КСРО Көркемсурет академиясының құрметті мүшесі РЕРИХ Святослав дүниеге келді.
74 жыл бұрын (1938-1980) американдық әнші және музыкант Джо ДАССЕН дүниеге келді.
60 жыл бұрын (1952) кеңестік футболшы, кеңес футболының көптеген рекордтарының иегері БЛОХИН Олег дүниеге келді.
133 жыл бұрын (1879-1951) орыс және кеңес бишісі, көрнекті педагог және балетмейстер, РСФСР халық әртісі, Сталиндік сыйлықтың лауреаты ВАГАНОВА Агриппина дүниеге келді.