Жарияланды: 850

Аэромобильді күштердің Қапшағай полигонында Қазақстан, АҚШ және Ұлыбритания Қарулы күштерінің бірлескен "Дала қыраны-2003" атты оқу-жаттығулары аяқталды

Аэромобильді күштердің Қапшағайдағы оқыту полигонында Қазақстан Қарулы күштері мен АҚШ және Ұлыбритания Арнаулы күштерінің бірлескен "Дала қыраны-2003" атты оқу-жаттығулары аяқталды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Дала қыраны" жаттығулары шілденің 17-24 аралығында жалғасты. Жаттығу мақсаты - заңсыз қарулы жендеттерді жоюға бағытталған арнаулы жауынгерлік операцияларды жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу тұрғысында Аэромобильді күштерді басқаруда үш мемлекеттің әскери бөлімшелерінің ықпалдастығын жолға қою болып табылады. Жаттығулар "Қазақстан аумағына шартты атауы "Урания" деп аталатын көршілес мемлекеттен келген заңсыз қарулы жендеттерді жоюға бағытталған ҚР Қарулы Күштері Аэромобильді күштерінің арнаулы жауынгерлік операциясы" деген тақырыпқа арналды. Жаттығулар штабтық және далалық деген екі сатыдан құралып, оқу-жаттығулар барысында коалициялық күштердің таулы және далалық ахуалдағы жауынгерлік алғырлығын арттыруға машықтандыру, әскерлерді жауынгерлік мақсатта пайдалану тұрғысында Аэромобильді күштерді басқару органдарының ықпалдастығын арттыру, аэромобильді күштерді жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Жаттығуларға Шымкент және Жетіген әуе базаларында орналасқан Әуеден қорғаныс күштерінің бөлімдері қатысты. Жалпы алғанда, жаттығуларға ҚР Қарулы Күштерінің Аэромобильді күштері бөлімшелері , АҚШ Қарулы күштерінің арнаулы 20-тобы мен Шотландиялық (Ұлыбритания) Гвардияның взводынан барлығы 500 жауынгер жұмылдырылды. ҚР Қарулы Күштері штабы бастықтары комитетінің төрағасы Болат Дарбеков жаттығулардың қорытындысын жоғары бағалады. Ол ҚР Қорғаныс министрлігі ҚР Қарулы күштерінің басқа елдер армиясымен ынтымақтастығын дамытуға айрықша маңыз беретінін атап көрсетті. Сондай-ақ, Б.Дарбеков тамыздың бірінші онкүндігінде елімізде Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының аясындағы кезекті арнаулы жаттығулар өтетітінін хабарлады. Оның айтуынша, ҚР Қорғаныс министрлігінен құрылған жұмыс тобы аталмыш шараға дайындықтарды аяқтауға жақын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть