«Агрессия, төмен жалақы және елден кету мәселесі»: Дәрігерлер неге қадірсіз болып барады?  - kaz.caravan.kz
  • $ 471.46
  • 555.38
+7 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Агрессия, төмен жалақы және елден кету мәселесі»: Дәрігерлер неге қадірсіз болып барады? 

«Агрессия, төмен жалақы және елден кету мәселесі»: Дәрігерлер неге қадірсіз болып барады? 

Әлеуметтік желіні жаңа медицина алаңына айналдырған білікті дәрігердің қазіргі медицина саласына деген көзқарасы қандай?

  • 15 Сәуiр
  • 125
Фото: видеодан алынған

Медицина саласы күн тәртібінен түспеген өзекті мәселе. Дәрігерлер адам өмірімен күреседі, ал оларға деген құрмет біздің қоғамда ақсап тұр. Дәрігерлердің соққыға жығылуы, жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыс барысында қаза табуы сынды оқиғалар соның дәлелі. Аталған мәселелер тыйылмай тұр дейді сала мамандары. Салдарынан эмиграция мәселесі ушығып, білікті кадрлар шетелге ағылуда. Caravan.kz медиа порталының тілшісі әлеуметтік желіде отандық медицинаның дауысына айналған тәжірибелі реаниматологтың пікірімен бөліседі. 

10 жылдық тәжірибесі бар анестезиолог-реаниматолог Тимур Омаров медицинадағы шынайы жағдайды әлеуметтік желі арқылы да, сұхбаттарында да ашық жеткізіп жүр. QAZir Erten подкастында айтуынша, дәрігерлерге деген көзқарас пен жүйелік проблемалар бір-бірімен тығыз байланысты.

Фото: instagram.com/timur____omarov

Санитардан дәрігерге дейінгі жол

Тимур Омаров медицинаға бірден дәрігер болып келген жоқ. Оның жолы ең төменгі қызметтен басталған. 

«Мен екінші курста санитар болып жұмысқа кірдім. Төрт жыл істедім, кейін мейіргер болдым, содан соң дәрігер атандым. Барлығы бір реанимацияда өтті», — дейді маман. 

Қазір ол 35 жаста және сол еңбек жолын бастаған бөлімде жұмысын жалғастырып келеді. Енді ол өмір мен өлім арасындағы шешім қабылдайтын дәрігер. Оның айтуынша, мамандық таңдауға реанимация атмосферасы әсер еткен. 

«Ол жерде әр секунд маңызды. Сол кезде дәрігерлер қысымға қарамастан сабыр сақтап, нақты шешім қабылдайтынын көрдім. Мен де сондай болғым келді».

«Адам өз ашуын дәрігерден алады»

Дәрігерлерге шабуыл жасау немесе шу шығару медициналық қателіктен емес, эмоциялық күйден туындайды дейді дәрігер. Адам жақынын жоғалтып аламын деп қорқады, сол қорқыныш агрессияға айналады.

«Мұндай жағдайлар жылдан-жылға көбейіп барады. Бұл тек адамдарға байланысты емес, бұл жүйенің нәтижесі. Мысалы пациент ауруханаға еріккенен келмейді, ол ашулы, күйзелісте болады. Одан бөлек ұзын кезекте отырады, шаршайды, нәтижесінде жүйкесі көтермей бар ашуын дәрігерден алады», — дейді дәрігер. 

Бұрын дәрігер мамандығы қоғамда ерекше құрметке ие болатын. Қазір бұл көзқарас өзгерген. Біріншіден, ақпараттың көптігі. Әлеуметтік желіде кез келген медициналық жағдай тез тарайды, бірақ оның контексті жиі жоғалады. 

«Қазір әлеуметтік желіде жалған сарапшылар көбейді. Мысалы кәсіби маман әлеуметтік желіде белсенді болмауы мүмкін, тіпті парақшасын жүргізбеуі мүмкін, ал оның орнын әдемі сөйлей алатын, бірақ дұрыс емес ақпарат тарататын адамдар басады», — дейді дәрігер. 

Екіншіден, қоғамда материалдық құндылықтар алға шыққан.

«Бүгінде жақсы нәтиже байқалмайды, ал бір қате бәрінен бұрын көрінеді. Сол үшін дәрігердің еңбегі тең бағаланбай қалады.»

«Дәрігер суық болуы керек» деген түсінік қайдан шыққан?

Қоғамда дәрігерлерге қатысты «суық», «сезімсіз» деген пікір жиі айтылады. Бірақ маман мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, дәрігер міндетті түрде эмоциясыз болуы керек деген қате түсінік. Дегенмен бұл сала адамның психологиясына айтарлықтай әсер ететінін жасырмайды. 

«Күн сайын біреудің ауыр тағдырын, қиналғанын көру оңай емес. Әр бір осындай жағдайды әрдайым ішіңнен өткізесің. Бұл кезде екі ғана жол бар: дәрменсіз күйге түсу немесе эмоциялық қорғаныс қалыптастыру». Яғни «суыққандылық» көбіне қорғаныс механизмі», — дейді дәрігер. 

Медицинадағы айтылмайтын ауыр шындық

Медицинада «екінші құрбан» деген ұғым бар. Бұл — пациенттен айырылып қалған дәрігердің психологиялық күйі. Дәрігердің айтуынша, дәл осы тақырып Қазақстанда ашық талқыланбайды.

«Бізде эмоция туралы айту мәдениеті қалыптаспаған. Қиын жағдайлар талданбайды. Сен жұмыс істей бересің. Реанимациядағы жұмыс тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да өте ауыр. Біз күн сайын өліммен бетпе-бет келеміз. Бұл жылдар бойы жиналатын ауыртпалық», — дейді дәрігер.

Жалақы мәселесі 

Медицинадағы ең көп талқыланатын мәселе — табыс деңгейі. Қазақстандағы дәрігерлердің жалақысы дамыған елдермен салыстырғанда төмен. Дәрігердің сөзімен айтқанда:

«Жалақы төмен болса, мотивация да төмендейді. Бұл тек ақша емес, еңбектің қоғамдағы бағасы»

Салыстыру үшін, дамыған елдерде дәрігер еңбегі жоғары әлеуметтік статуспен бірге жоғары табыспен де бағаланады. Ал Қазақстанда бұл тепе-теңдік әлі толық қалыптаспаған.

Жоғары жауапкершілікпен қоса, дәрігерлерге жүктелетін жұмыс та өте ауыр: 

• тәулік бойы кезекшілік

• ондаған науқас

• тұрақты стресс

«Адам үнемі осындай режимде жұмыс істей берсе, демалыссыз және еш алға жылжусыз, онда күйзеліске ұшыруы әбден мүмкін. Дегенмен, мәселе тек ақшада емес. Медицина саласына келетін адам қалыпты тыныш өмір сүремін деп ойламауы керек. Бастан бас соған дайын болуы міндетті», — дейді дәрігер. 

Осындай қиындықтарға қарамастан, елден кетпейтін мықты дәрігерлер да бар. Маманның айтуынша, себептер әртүрлі.

«Бірінде несме мен қаржылық міндеттемелер бар, тұрақтылықтан айырылу да оңай емес, отбасы. Ішкі мотивация мен мақсаттары жетелейтін мамандар да бар. Мен осы саланы жақсартқым келеді, қашпай, керісінше өзгертемін деп қалатындар да кездеседі», — дейді сарапшы. 

Неге дәрігерлер елден кетіп жатыр? 

Ресми деректерге сүйенсек, дәрігерлердің елден кетуі бес есе азайыпты. Алайда саланың ішкі күйінен хабардар мамандар онымен келіспейді. Керісінше, Еуропа мен Азия елдеріне жұмыс істеуге көшіп жатқандардың саны артып барады. Бұл «жақсы өмір іздеу» ғана емес, кәсіби ортаға байланысты шешім.

«Адам өсу көрмесе, ол табиғи түрде басқа мүмкіндік іздейді. Бұл қалыпты процесс. Қазақстан мен басқа елдерде айырмашылық үлкен. Ол жақта дәрігер заңмен қорғалған. Кез келген конфликт клиника деңгейінде, заңгерлер арқылы шешіледі», — дейді Омаров.

Шетелде сонымен қатар:

• психологиялық қолдау жүйесі бар

• біліктілікті арттыру міндетті түрде жүргізіледі

• еңбек жағдайы әлдеқайда жақсы

Ал Қазақстанда көп нәрсе дәрігердің өзіне байналысты. 

«Мен 10 жылда шетелде оқу мүмкіндігін сирек алдым. Көбіне өз қаражатыммен барамын, немесе мүлде бармаймын», — дейді ол.

Әлеуметтік желі — жаңа медицина алаңы

Тимур Омаров үшін әлеуметтік желі хобби емес, маңызды коммуникация құралына айналған. Сондықтан парақшасы коммерциялық мақсатпен емес, шынайы ниеттен ашылған. 

«Мен ештеңе сатпаймын. Мен өмір мен күрес туралы айтамын. Бастапқыда блогымды ішкі эмоцияны шығару үшін жүргізе бастадым. Қаншама жиналған эмоциялар мен ойларымды айтатын орын керек болды. Кейін ол адамдарға нақты көмек беретін құралға айналды. Мысалы бір әйелден хабарлама алдым, ол менің жазбамды оқыған соң, уақытылы дәрігерге қаралыпты. Нәтижесінде аппендицит асқынып кетпеген», — дейді дәрігер. 

Қазір дәрігердің парақшасына 200 мыңға жуық адам жазылған, әр жазбасының астында 100-аса пікір жазылған. Пайдалы контент жасап, халыққа пайдасын тигізіп жүрген ақ халатты жандардың бірі осылайша ортақ медицинаның дауысына айналып отыр. Ол жүйе ішіндегі шындықты ашық айтатын мамандардың бірі. 

«Менің блогым өзімді көрсету емес. Бұл көмектесу құралы. Мен тек дәрігер ретінде ауруханада ғана емес, алыстан да халыққа пайдалы бола аламын», — дейді маман.