Танымал блогер Нұрлан Әлімходжаев «КешYou» тобының концертіне «жүйкеме тимеші Моля» деген жейде киіп келіп, көпшіліктің сынына ұшырады. Желі оқырмандары Мөлдір Әуелбековаға қолдау білдіріп, бұл нағыз «буллинг» екенін айтты.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Продюсер Арман Қарабаевтың айтуынша бұл «жасырын буллинг».
«Музыка индустриясының тарихы туралы сындарлы әңгіме өрбітудің орнына, біз әлеуметтік желідегі ауқымды жарылыстың детонаторын көрдік. Сол жарылыстың басты нысанасына Мөлдір таңдалды. Бірақ одан да қорқыныштысы — өздерін «медиа сарапшысы» деп атайтын адамдардың реакциясы.
Жақында осы тақырыпқа арналған бір блогердің видео-талдауын көріп қалдым. Сырттай қарағанда бәрі әдемі: ақылды сөздер, объективтілікке ұмтылғандай әсер, сапалы түсірілім. Бірақ жылтыр қаптаманы алып тастап, кәсіби көзқараспен қарасаңыз, оның астарында нағыз манипуляция мен жасырын буллинг жатқанын байқауға болады», — деп жазды продюсер.

Журналист Бибігүл Дәулетбектің сөзінше де бұл нағыз «буллинг», журналист марқұм жазушы Айгүл Мантайды да еске түсірді.
«Қай платформаны ашпайын ботоферма бастаған боттары бар, блохерлері бар, не керек бәрі әнші Мөлдір Әуелбековамен аяғын жақсылап сүртіп жатыр. Сүртіп қойса мейлі ғой, аяғымен тепкілеп рахаттануда. Тілімен түйреген сайын ләззат алуда. Аяп жатқан адамды көрмедім. “Ұстазым менің, ұстазым” деп қадірлі ұстаз сөзін қор етіп, әншіні келемеждеуде. Таза сорақылық па дедім. Денем тітіркеніп кетті. Осыншама қазағымның жүрегі мұзға айналғаны ма? Осы қысымнан Мөлдір өзіне қол жұмсаса не болмақ? Екі баласын сендер асырайсыңдар ма? Барлығынан да қарт әке-шешесін неге ойламайсыңдар? Олардың құлағына бұл жайт жетпейді дейсіңдер ме? Неден қатыгез болдыңдар? Қорқынышты паразитсіңдер, беттеріңе айтайын! Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып қыт-қыттап кете беретін екіжүзді қоғамда өмір сүрудеміз.
Иә, буллингтің кесірінен әншінің жүрегі тоқтап қалса ше? Әлде қан қысымы көтеріліп кетсе? Қазір өлім жас талғап жатқан жоқ. Күні кеше ғана бір танысымның інісінің жүрегі соқпай, жан тапсырды. Ішпейді. Шекпейді. Ешқашан ауырмаған. Жұмысынан келіп диванға жатып демалайын деген. Сол күйі оянбапты. Жасы отызға да толмаған. Дәл осылай Мөлдір де мына психологиялық қысымға шыдамай кетсе не болмақ?
2021 жылы да дәл осылай әлеуметтік желіде психологиялық қысымға ұшыраған жазушы Аягүл Мантай да өзіне қол жұмсағанын Фейсбуктағылар ұмытпаған болар? Әлеуметтік желідегі буллингтің құрбаны болған жас жазушы соңғы рет анасына ұзақ қарап тұрып, жақсы көретінін айтқан да, сарайға барып асылып қалды. Ол да ешкіммен ұрыспады. Үнсіз қоштасты мына жалған өмірден. Қатыгез адамдарды нәзік жүрегі қабылдай алмады», — деп жазды журналист.

Блогер Нұрлан Батыровтың сөзінше Мөлдір Әуелбековке қатысты «буллинг ұзап кетті».
«Мөлдірге қатысты әзіл, тіпті буллингке ұласып кеткен жағдай тым ұзаққа созылып кеткендей әсер қалдырады. Ол онсыз да үлкен көлемде хейтке ұшырады, енді оған футболкаға қатысты әзілдің жалғасуы қосылды.
Баянның өзі де кезінде «біздің елде әйел әйелге жау» деген еді. Қазір оның өз әрекеттері де, адамдардың әрекеттері де осы сөзді растап тұрғандай. Иә, Мөлдірдің шынайы бейнесі ашылды, сыналды, айыпталды, жұрттың талқысына түсті. Бірақ одан кейін де неге оны тоқтаусыз түйрей беру керек?
Бір жерден кейін мұның бәрі шектен шығып кеткен сияқты. Қажетінше айтылды, талқыланды. Ал әрі қарай жалғаса беруі әділ сыннан гөрі адамды жаппай таптауға көбірек ұқсайды. Кішкене артық кетіп қалған жоқ па?», — деп жазды блогер.

Бұл жағдайға байланысты Мөлдір Әуелбекова да, Баян Алагөзова да ешқандай пікір білдірген жоқ.