Жарияланды: 480

Air Аstana әуе рейстерінің кешігуіне әуежайлардағы инфрақұрылымның дамытылмағаны басты себеп болып отыр

Әуе рейстерінің кешігуіне әуежайлардағы инфрақұрылымның дамытылмағаны басты себеп болып отыр, деп мәлім етті Air Аstana әуе компаниясының президенті Питер Фостер.

«Мен бұл жағдайда (әуе рейстерінің кешігуі - ҚазТАГ) әуежайлардың инфрақұрылымы мен ол жерде көрсетілетін қызметтердің кері әсері көп екенін баса айтқым келеді», - деді ол жұма күні баспасөз мәслихатында. «Жақында мемлекет басшысы Air Аstana 2010 жылы Астананың әуежайында 1500 кешігу жасағаны туралы мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысының ақпараты толығымен шындыққа сәйкес келеді. Бұл мәселеге Air Аstana үлкен жауапкершілікпен қарайды», - деді П.Фостер. Оның айтуынша, осыған байланысты әуе компаниясының басшылығы рейстердің кешігу себептерін талқылау және әуе компаниясының уақытында қызмет көрсетуін жақсарту үшін шаралар қабылдау мақсатымен апта сайын кездесулер өткізеді, бірақ республиканың әуежайларында қажет модернизация жүргізілмесе, бұл шаралар тиісті нәтиже бермейді. Air Аstana басшысы Алматы мен Орал әуежайларының инфрақұрылымы жеткілікті деңгейде дамымағанын мысалға келтірді. Атап айтқанда, ол Алматы әуежайының өткізу қабілеті төмен екенін жеткізді. Нағыз қызу шақта ол 130 жолаушыны өткізеді, ал жалғыз Air Аstana-ның өзі 1900 жолаушы тасымалдайды. Оралда ұшу-қону алаңының сапасы төмен. Бұрын хабарланғандай, 3 маусымда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Air Astana» компаниясының рейстерді кешіктіру мәселесін анықтауды тапсырған. «Air Astana»-ның жұмысына сын көп. 2009 жылы әрбір 8-ші рейс, 2010 жылы әрбір 6-шы рейс кешіккен. Былтыр 1500 ұшақ кешікті. Бұл ашу тудырады», - деді ол елорданы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте. AirAstana – ұлттық әуе тасымалдаушы, 2001 жылы тіркелген. Қазақстан үкіметі («Самұрық-Қазына» қоры) мен ВАЕ Systems компаниясы сәйкесінше 51% және 49% үлеспен иелік етеді. Бүгінгі күні Air Astana компаниясының әуе кемелерінің паркі B767-300, В757-200, А321, А320, A-319, E-190 және F50 әуе кемелерінен тұрады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін