Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру кезінде үйлерді терең терможаңғыртуға ерекше назар аударуды жүктеді.
Министр өз сөзінде бүгінде ғимаратқа терможаңғырту бойынша жөндеу жүргізілмей, бөлінген қаржыға үйдің тек алдыңғы жағы ғана боялатын фактілер кездесіп жататынын сынға алды.
«Тұрғынға үйдің алдынан қандай пайда келеді? Яғни, бұндай жұмыстар үйдің жылы болуына еш ықпал етпейді. Осы тұрғыда тек әдемілікті ғана ескерсек, екі жылдан кейін бұл әсемдіктен ештеңе де қалмайды. Ал тұрғын болса, аталған қызметтің шығынын өтеп жатады»,-деді Б. Сағынтаев.
Ведомство басшысы ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын әзірлеу кезінде басты мақсат энергия тиімділігін арттыруға негізделгенін ескеріп өтті.
«Бұл бағдарламаның мақсаты — үйдің алдыңғы жағын бояу ғана емес. Егер де әкім көшелер әдемі болсын десе, онда қаржыны тауып, үйдің қасбетін бояумен айналыссын»,-деп түйді министр.
Бақытжан Сағынтаевтың пайымынша, тұрғын үй қатынастарының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу қажет.
Бұл туралы ол бүгін аталған министрліктің алқа мәжілісінде айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Тұтынушылар лигасының деректері бойынша Қазақстанда жылына 11 мың шағым ПИК-тердің сапасыз жұмысына байланысты болады екен.
«Қанша жыл қиналып келеміз, осы мәселе бойынша соңғы нүктені қою керек. Орнығып қалған қандай да бір нормаларды бұзатынымыздан сескенбеу керек»,-деп тоқталды министр. Сонымен қатар ол шетелдік мамандарды тартып, тұрғын үй қатынастарын дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды.