Осы күнге дейін сазгердің тек отбасы мүшелеріне ғана тиесілі болып келген құнды жәдігерлер бір күнде барша қазақтың ортақ қазынасына айналды. Тілендиев кеткелі әлі ешкім тартып көрмеген домбыраны жұбайы бірінші боп Алматы әкімі Ахметжан Есімовке ұстатты. Қала әкімі 15 жыл бойы үнсіз тұрған рояльге де отырды. Бұрын соңды бөтеннің қолы тимеген аспапта Есімов ән шырқады.
-Куә бол, айым
Нақ осы қара рояльде «Куә бол» әнінің әуені дүниеге келіпті. Аспап композитордың күндіз де түнде де айнымас серігі болған. Үй ішінде кіршіксіз сақталған жәдігерлер жетерлік. Сазгердің тек концерттерде киген бешпеті, қамшысы мен өз қолымен сызған ноталарына дейін тұр. Мұражай ішіндегі ең құнды жәдігер ол күйшінің домбырасы. Қос ішекті Ахмет Жұбановтың өзі қолымен берген.
Дариға Тілендиева, Н.Тілендиевтің жұбайы:
-Енді осы домбыра кішкентай ғана, өзі жеп-жеңіл. Өзі бір қуыршақ сияқты. Ал дыбысы дегенің бұл Қазақстанда деп айтайын бұндай домбыра жоқ!
Бұдан асқан домбыра расында жоқ! Қазақ киносының жауһарлары – «Менің атым-Қожа», «Қыз Жібек» фильмдеріндегі әрбір әуен осы аспаптан төгілген.
-Мына самовардан шәй ішетін Нұрағаң. Осыны тоққа қойып қойып, ыстықтай шәй ішетін. Міне осы жәдігерлер мынаның барлығы сол уақытта болған нәрселер…
Үйде композитордың үстеліне дейін сақтаулы. Ақ-сары пиаласынан қазақтың небір ақиық ақын-жазушылары ас ішкен.
-Үйдегі ең көне жәдігер міне осы, пианино. Мұны анасы Нұрғиса ағамызға ең алған музыкалық мектепке түскен кезде сыйлыққа тартыпты. Содан бері сақталып келеді. Міне, нақ осы пернелерден елге әйгілі «Алатау», «Құстар әні», «Әкеге» шығармалары дүниеге келген.
Енді сазгерді сағынған әрбір қазақкомпозитордың үйіне келсе болады. Жеке заттарын көріп қана қоймай, оның өткен бүкіл ғұмырына куә болады.