Ақмола облысында астықты терең өңдеу зауыты салынады - kaz.caravan.kz
  • $ 461.37
  • 542.16
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақмола облысында астықты терең өңдеу зауыты салынады

Ақмола облысында астықты терең өңдеу зауыты салынады

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды

  • 23 Сәуiр
  • 4
Фото: канал пресс-службы акима Павлодарской области

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ақмола облысында астықты терең өңдейтін заманауи жоғары технологиялық зауыт салынады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азия Алтын Дән» ЖШС арасындағы инвестициялар туралы келісімді үкімет мақұлдады.

Зауыт Aqmola индустриялық аймағында 500 гектар аумақта орналасады.

«Ол агроөнеркәсіп кешенінің өңдеу секторындағы ең ірі кәсіпорындардың біріне айналады. Жалпы инвестиция көлемі 300 млрд теңге, кәсіпорынның өндіріс қуаты жылына 6 млн тоннаға дейін жетеді», — деп жазылған үкімет хабарламасында.

Жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі әсер етеді. Кәсіпорында шамамен 800 жаңа жұмыс орны ашылады.

Келісім аясында инвестор жыл сайын биоинженерия және техникалық бағыттар бойынша 40-қа дейін маман даярлауды өз мойнына алады.

Зауыт базасында заманауи ғылыми-зерттеу және технологиялық зертхана құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар инвестор индустриялық аймақтың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаражат бөледі.

Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін алдағы уақытта Астана – Қарағанды автомагистралінде жолайырығы бар өткел, сондай-ақ магистральдық теміржол арқылы индустриялық аймаққа апаратын автомобиль жолын салу көзделген.

«Инвестор ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да белсенді қатысуды жоспарлап отыр. Жоба толық іске қосылғаннан кейін жыл сайын білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт, жастар саясаты және денсаулық сақтау салаларындағы әлеуметтік бастамаларды қолдауға қаржы бөлінеді», — деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар кәсіпорын іске қосылғаннан кейінгі екі жыл ішінде жүзу бассейні мен жекпе-жек залдары бар көпфункционалды спорттық-сауықтыру кешені салынады. Бұл кешен барлық тұрғынға қолжетімді болады.