Алакөлдегі бейберекетсіздік үшін адамдар шетелдіктерден ұялатынын айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+9 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алакөлдегі бейберекетсіздік үшін адамдар шетелдіктерден ұялатынын айтты

Алакөлдегі бейберекетсіздік үшін адамдар шетелдіктерден ұялатынын айтты

Туризммен айналысып жүрген кәсіпкерлер шығыстағы Алакөл жағалауының бүгінгі кейпіне алаңдаулы. Себебі, соңғы жылдары мұнда бейберекет құрылыс жайлаған. Табыс қуалаған кәсіпкерлер сәулет  талаптарын ұмыт қалдырған сыңайлы. Салдарынан көл маңында бір-біріне тым жақын орналасқан нысандардың арасымен адасып кетуге болады. Ал төтенше жағдай орын ала қалса, турбазаларға жедел қызмет көліктерінің де жетуі мүмкін емес.

  • 25 Маусым 2015
  • 373
Фото - Caravan.kz

Бұл шығыстың маржаны –Алакөлге апаратын күре жолдардың бірі. Ой-шұңқыры жылдан-жылға көбейіп келеді. Мұнда жиекке тоқтап, көлігін жөндеп жатқандарды жиі көруге болады.

Ардақ Өтегенова:

-Екі машинаның дөңгелегін  екі-екіден ауыстырдық. Бір жерде жол жоқ. Өйткені бір шұңқырды айналып өтейін десең, 10 шұңқырды ұстайсың!

Жол азабына қарамастан, шипалы көл жағасына ағылатындардың қарасы көп. Соған сай демалыс орындары да қаулап барады. Жағалаудан нәпақасын бұрыннан тауып жүргендер мұнда бейберекет құрылыс жайлап кеткеніне алаңдаулы. Айтуларынша, бір-біріне жапсарлас салынып жатқан үйлердің арасымен адасып кетуге болады. Алда-жалда өрт бола қалса, арнайы көліктердің де өтуі қиын.

Исағали Омаралинов, кәсіпкер:

-Өзімізден өзіміз ұяламыз, шетелдіктердің алдында. Сөз жоқ! Қанша шетелге барып жүрмін, көріп жүрмін ғой. Дәл осы біз секілді құрылыс болмайды. Норматив деген болу керек қой. Бір үйді былай салса, бір үйді 2 метр алға, 3 метр артқа, сала берген ғой.


Ал жергілікті әкімдік жағалауға қатысты бас жоспар әлдеқашан  қабылданғанын айтуда. Жер телімдері арнайы комиссияның ұйғарымымен берілді деп өздеріне шаң жуытар емес.

Қалихан Нұрымбаев, Қабанбай ауылдық аймағының әкімі:

-Қазіргі кезде бейберекет  салынып жатқан құрылыс жоқ. Кәдімгі жоспар бойынша берілген. Жердің маманы бар, құрылыстың маманы бар, бәріміз отырып, қараймыз, келісіп.

Суы жанға дауа Алакөлге кезінде тіпті, сапардан оралған ғарышкерлерді де әкелген екен. Қазір де алыс-жақын шетелден демалушылар көптеп келеді. Сондықтан турзим жанашырлары жағалаудың сұрқын ретке келтіруді сұрайды.