Жарияланды: 340

Альбинос қазақ: көшеде маған сұқтанып, таңдана қарайды

Альбинос қазақ: көшеде маған сұқтанып, таңдана қарайды

Алматылық Айдархан Сәрсенов тура мағынасында өзге адамдарға ұқсамайды.

Оның сырт келбеті, денесіндегі терісі, шаш пен қасының тіпті көзінің түсіне дейін ақ. Ғалымдардың тілімен айтқанда "Альбинизм" диагнозымен туылған. Өзгелерден ерек болу бала күнінде көп қиындықтар мен кедергілердің себепшісі болған. Балабақшаға барған кезден бастап, көшедегі адамдардың саусақ шошайтып, көздерін бақырайтып, тіпті қорқа қарап қашуы бала Айдарханға түсініксіз еді. Алайда есейе келе жалғыз еместігін біліп, өзіне ұқсас адамдармен танысып, жер бетінде мыңдаған "ақ" адамдар бар екенін түсінгенде өзін мазалаған барлық сұрақтарға жауап табылғандай болған.

"Еуразия" бірінші арнасындағы "Пендеміз ғой" бағдарламасының кезекті санының кейіпкерлері көшедегі сұқ көздер мен өзінің қорқынышын жеңген "Ерекше" жандарға арналды.

Мен "Альбинос" диагнозымен туылдым. Басқа адамдардан айырмашылығым тек тері, шаш, қас-кірпігімнің түсінде ғана. Өзім армандаған оқуыма түсе алмадым. Өйткені көзге көп салмақ салуға болмайды. Ағзада меланин жетіспегендіктен жарыққа шыдамсыз келеміз. Сол себепті медицина қызметкері, оның ішінде емдік массаж жасаушы болуды таңдадым. Бұл пансионатта зейнеткерлер емделеді. Әртүрлі диагнозбен осыған дейін 500-ден аса адамға емдік массаж жасадым. Жұмысым өзіме ұнайды. Адамдарға көмек көрсете алатыныма қуаныштымын. Көшеде көбісі сұқтана да, таңдана да қарайтыны рас. Біреулер келіп, төтесінен сұрап жатса, енді біреулер ыңғайсызданады. Менен бойларын алшақ ұстауға тырысады. Бірақ мен мұндай жайттарға әбден үйреніп кеткенмін, деді Айдархан Сәрсенов.

Кез келген ананың арманы перзент сүю болса, әке арманы ұрпақ жалғар тұяғының болуы. Тұңғышының ұл болады дегенін естігенде үй іші түгел қуанған. Ай-күні жетіп, ана баласын бауырына алған кезде, оның ешкімге ұқсамас ерекшелігін көріп, қатты қорқып кеткенін, үйде күтіп отырған күйеуі мен ата-енесіне, ағайын-туысқа не деп айтарын білмеген жас ананы бұл баланы үйге қалай алып барамын деген ойлар мазалағанын жасырмады.

Аяғым ауыр кезінде ешқандай аурумен ауырмадым. УЗИ ұл болады деп көрсеткенде қатты қуандық ұрпақ жалғаушы емес пе? Содан босанған бойда акушерка қыз айғайлап жіберді, бала аппақ деп. Гинеколог дәрігер қорқатын ештеңе жоқ, бастысы дені сау деп жатқаны есімде. Күйеуіме, ата-енеме қай бетімді айтамын? Мына орыстың баласын қайдан алдым деймін, деп қорықтым. Кейіннен баланы алып үйге келгенде, үлкен атамыздың әкесі осындай ақбурыл кісі болғандығын білдім. Демек тұқым қуалаған болып тұр ғой, деді Айдарханның анасы Гүлшат Тұрғанбаева.

Бүгінде болмысы басқа Айдарханның бұл ерекшелікті кемшілік деп қабылдап, мұңайуға мүлде уақыты жоқ. Өйткені осы ерекшелігінің арқасында бірнеше түсірілімдерге түсіп, өзін жаңа қырынан танып, даму үстінде. Атақты әнші Димаш Құдайбергеннің бейнебаянынан кейін модель агенттіктерінен ұсыныстар да түсіп жатыр екен.

Алғашында атақты әнші, еліміздің мақтанышы Димаш Құдайбергеннің "Be With Me" картинасына түсуге шақырды. Ол жақында ғана жарық көріп, әлемнің барлық елдерінде миллиондап қаралым жинап жатыр. Одан бөлек "Би-2" тобының "Пекло" туындысында да жақсы түсірілім болды. Тағы бір клипте Иисустың рөлін сомдадым. Өзім үшін өте қызық жұмыс болды. Қанша дегенмен мұсылман болғандықтан түсірілім алдында құдайдан кешірім сұрап алдым. Өзгелерге ұқсамаудың плюсі - ол адамдардың ішінде көзге тез түсесің және есте мәңгі сақталасың. Қазір медицина мен модель саласын бірге алып жүрмін,-деді.

Жер бетіндегі адамдардың жаратылысы әр түрлі ғой шіркін. Әдетте біз бұл сөздерді пенденің мінез-құлқын сипаттауға пайдаланамыз. Алайда бейт-бейнесі, пішін-пошымы әр алуан қаншама жандар жүр арамызда. Әрина оларды саусақпен көрсетіп, бетіне бедірейіп сен неге мұндайсың деп сұрау әдепке сай емес. Олар онсыз да көлегейленіп өмір сүреді. Алайда өзінің осындай ерекше бітімін ақылы мен біліміне арқау еткен адамдар да аз емес

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін