Улы гептилмен қозғалатын зымырантасығыш ғарыш айлағын асырап отырған негізгі табыс көзі екен. Оның үстіне бұл «Роскосмостың» оң жамбасына келмейді. Яғни, жергілікті жұрттың денсаулығына қауіпті екен деп «Протонға» түбегейлі тыйым салу көршілерімізге тиімсіз. Сондықтан жыл соңына дейін коммерциялық негізде әлі 5-6 «Протон» ұшырмақ. Ал «Протонға» қарағанда әлде қайда зиянсыз экологиялық таза саналатын «Зенит» зымырантасығышын жаңарту жұмыстары әлі тұралап тұр. Сондай-ақ қазақ ғарышкерінің көкке самғауы тағы кейінге шегеріліпті. Сылтау сол баяғы қаржының жоқтығы. Бюджеттен 150 млн доллар табылмаған көрінеді. Ал 2-ші шілдедегі апаттан келген шығын яғни 14 млд теңгені Мәскеу өтейтін сыңай танытып отырған жоқ. Ұлттық ғарыш агенттігі болса,өтемақыны өндіруге қатысымыз жоқ деп бастарын ала қашуда.
Мейірбек Молдабеков, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары :
— Бұл мәселе Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінде. Олардың өзінің методикасы, мамандары бар. Өздері есептеді, енді өздері сандарды дәлелдеу керек.