Бұндай шаралар тек елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де ұйымдастырылуда.
Мысал үшін айтар болсақ, Беларусь елінде Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты «Абай жалпақ әлемде салтанат құруда» («Абай шествует по планете»: http://sozvuchie.zviazda.by/abaj) деп аталатын сайт ашылды. Бұл Абайды тек өз елінде ғана емес, қазақ жұртын танитын барлық ел таниды дегенді білдіреді. Себебі Абай мен қазақ — егіз ұғым.
Ал енді ол ұлы ақынға арнап қандай шет мемлекеттерде көшелерге ақын есімі беріліп, ескерткіштер қойылған, соларға көз жүгіртіп көрелік…
1988 жылдан бері Киевте Абай Құнанбаев көшесі ашылған. Ақын атындағы көше сондай-ақ Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар.
1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды.
Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе ашылған. Сонымен бірге Ташкент, Бішкек қалаларында да, тіпті Үндістанның астанасы Нью Делиде де Абай Құнанбаев атындағы көше бар.
Берлиндегі Абай көшесі
Бішкектегі Абай көшесі
Ташкенттегі Абай көшесі
2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші ашылды. Ескерткіш Қазақстан Елшілігі маңайына қойылған. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.
2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған.
Ал 2011 жылы желтоқсан айында Әзербайжан астанасы Бакуде Абай Құнанбаевтың атымен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2013 жылы маусым айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың қатысуымен Ташкенттегі Абай көшесінде ақын ескерткіші ашылды. Абай ескерткішінің авторлары белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Авторлар ақын бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының дархан көңілі мен ұлы ойшылдың дана тұлғасын сомдаған. Ескерткіштің биіктігі — 9,2 метр.
2014 жылы наурызда Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды. Бұл салтанатқа Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Мүсіннің авторы — Юань Сикунь.
2014 жылы Венгрия астанасы Будапешттегі Астана көшесіне Абайдың ескерткіші орнатылды. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысты. Мүсін қоладан жасалған, оның биіктігі -1070 мм, ені — 900 мм.