Жарияланды: 920

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының Х отырысы аяқталды

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының Х отырысы аяқталды

Бүгін елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Х отырысы өз жұмысын ақтады.

Отырыстың жабылуында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми сөз сөйледі. Мәртебелі киелі қауым! Құрметті отырысқа қатысушылар! Біздің кездесуіміз діндеріміз бен мәдениеттеріміз әр түрлі болғанымен, баршамызды бір ортақ ерік-жігер мен ұмтылыс біріктіріп отырғанын дәлелдеді. Ол - қауіпсіздік, ынтымақтастық, өзара сыйластық, тең құқылық, әділеттілік, төзімділік, рухани-адамгершілік қағидаттары үстемдік құратын бейбіт өмірді орнықтыруға деген ортақ ұмтылыс. Біз сындарлы пікір алмасулар мен бірлесе күш-жігер жұмсау арқылы көптеген проблемаларды шеше алатынымызға, адамдарды бөліп тұрған кедергілерді еңсеретінімізге, ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында ойдағыдай алға жылжитынымызға көз жеткіздік. Нақ сондықтан да, конфессияаралық және мәдениетаралық диалог, дүние жүзінің әртүрлі бөліктері арасында өркениетті қатынас құрудың ең қажетті де пәрменді құралы болып отыр. Мұның өзі бірлік пен келісімді әлемдік ауқымда нығайтудың маңызды факторына айналғандығының айғағы. Осы залда жиналып отырған барлық діндер мен мәдениеттер өкілдерінің бұл ақиқатты бірдей сезінетінін атап өткен жөн. Сіздер паш еткен сындарлылық пен ізгі ниет рухы алдағы төртінші Съезде де жемісті диалог үшін өз жалғасын табарына сенімім мол. Бүгінде әлем өз дамуының жаңа сатысына бет алды. Осыған байланысты біздің алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр, олардың ең бастылары тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, жер бетіндегі өркениеттің даму жолымен одан әрі алға жылжуына қажетті жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады. Әрине, бұған қол жеткізу оңай емес. Алайда өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, ізгі ниет, парасатты бәтуа, келісілген іс-қимыл және өзара қолдау болған жағдайда әлемдік қоғамдастықтың аталған міндеттерді оң тұрғыдан шешуге әбден жетеді. Жалпы біздің конфессияаралық форум осындай жасампаздық үдеріске лайықты үлес қоса береді деп кәміл сенемін. Құрметті киелі қауым! Қорытындылай келе, бұл бас қосуымызда мазмұнды, сындарлы сұхбат болғанын қанағаттанарлық сезіммен атап өткім келеді. Біз Хатшылықтың оныншы отырысының күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелерді қарадық. Дін басшылары Кеңесі Тұжырымдамасының жобасын бекіттік, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші Съезінің тақырыбы, күн тәртібі, форматы және өткізілетін күні айқындалды, мұның бәрі оныншы отырыстың Хаттамасында көрсетілді. Қол жеткізген уағдаластықтар бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, жер шары халықтарының жарқын болашағы жолында барлық конфессиялардың ынтымақтастығын дамытуға бағытталған пайдалы сұхбатымызды жалғастыруға берік негіз бола алады деп ойлаймын. Осымен Съезд Хатшылығының оныншы отырысын жабық деп жариялауға рұқсат етіңіздер. Салиқалы пікірсайысқа белсене қатысқандарыңыз үшін, біздің мемлекеттің әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездерін өткізу жөніндегі бастамасын қолдағандарыңыз үшін тағы да алғыс айтқым келеді. Сіздерге денсаулық, амандық және адамзаттың рухани мұраттары жолындағы игілікті істеріңізге табыс тілеймін.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін