Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Гүлназ Әлімгерейдің Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Байқасам, қазір өзін ХАНЫМ жариялап, елге ақыл үйретіп жүрген қыз-келіншектер көбейді. Сол ханым атына қандай әйел лайық?
Меніңше нағыз ханым – төрт құбыласы тең жан. Мәселен, өмір шеңбері деген терминді естіп жүрген шығарсыздар? Осы өмір шеңберінің барлық сферасында үйлесім (гармония) тапқан әйел – нағыз ханым.
Тағдырына ренжулі, бай-баланың көңілін таппаған, жақынына жақпаған, досты қадірлемеген, қызмет иә бизнесте белгілі дәрежеге жетпеген, барды үлгертіп, жоқты білдіртпеген, т.т әйел азаматшалардың өзін ханым атап, жұртқа ақыл үйрететініне қынжыласың кейде”, – деп жазды тележүргізуші.
Өткені дұрыс болмаған, ешкімнің көңілін таппаған әйел басқаға не үйретеді деп қынжылды. “Сосын бәрінде бір сценарий ғой, шіркін: кедей болған, бәрі оны кеміткен, енесінен теперіш көрген, күйеуінен таяқ жеген, құрбылары менсінбеген, бизнесте аузы күйген. Бүкіл әлемге ренжулі, кекшіл ХАНЫМ сонда жұртқа жөні түзу не үйретеді? Әлгі коучтеріміздің "жақсыны көрген адам жақсы айтады, іші негативке толы адам тек жамандық көреді" дегендері қайда қалды?
Ал сол тренингтердің бірін жібермеуді әдетке айналдырған қыз-келіншектерді қайтесің? Неғылған "созылмалы дерт" бұл деймін-ау шипасы жоқ?! Әрине, оқып-білгеннің артығы жоқ. Бірақ бұл пайдалы білім бе? Кімнен не үйреніп жүргеніңізге назар аударасыз ба?
Бір уақыт өздеріңізді тоқтатып сұраңызшы: "не пайда маған осыдан" деп. Менімен келісесіз бе?” – деп жазды.
Журналист қыз-келіншектерге ақыл айтқыш әйелдердің арбауына түспей, өз ақылыңызбен жұмыс істеңіз деп кеңес берді.