Бұл туралы бүгін Түркісіб ауданында 1931-1963 жылдар аралығында салынған және әбден тозығы жеткен 1-2 қабатты тұрғын үйлердің 107 отбасына жаңа пәтерлердің кілтін табыс ету барысында қала әкімі Ахметжан Есімов мәлімдеді.
«2012-2015 жылға арналған «Ескі тұрғын үйлерді сүру» қанатқақты бағдарламасы өзін толығымен ақтады. Ол қала тұрғындары арасында үлкен қолдауға ие болды. Енді осы бағытта 2015-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламаға 20 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Бұл жерде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ оған 10 млрд. теңге бөліп отыр. Алматы қаласы әкімдігі жанындағы «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС 5 млрд. теңге бөлсе, алдағы 2015 жылы Алматы қаласының әкімдігі өзі шығаратын облигациядан түсетін қаржыдан аталмыш бағдарламаға қосымша тағы 5 млрд. теңге бөледі. Осылайша 2020 жылға дейін тозығы жеткен тұрғын үйлерде тұратын тұрғындардың баспана мәселесін толық шешу көзделуде», — деді тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде қала басшысы Ахметжан Есімов.
Айта кетелік, алғашқы бағдарлама бойынша 2012-2015 жылдар аралығында қалада 55 ескі тұрғын үй сүріліп, 67 жаңа көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Енді, 2020 жылға дейін ұзартылған кең көлемді бағдарламаны жүзеге асыруға жеке құрылыс компаниялары да тартылатын болады. Ал жаңадан салынатын тұрғын үй пәтерлерінің белгілі бір пайызы «Қолжетімді баспана» бағдаралмасы бойынша беріледі.
Тағы бір айта кететін жайт, қалада қазіргі таңда 943 тозығы жеткен 1-2 қабатты тұрғын үйлер тіркелген. Олардың басым бөлігі Түркісіб ауданында орналасқан.
Биыл жыл соңына дейін Жетісу ауданында аталмыш бағдарлама аясында тағы 24 отбасына пәтер кілті табыс етіледі.