Ахметжан Есімов қос ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, медициналық ынтымақтастықтың нығайып келе жатқандығын атап өтті.
Алматы Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласымен бауырлас қала атанған.
«Алматыда бүгінде Корея өкілдерімен біріккен 167 кәсіпорын, 461 кәсіпорын корей капиталымен жұмыс істеп жатыр. Екі ел арасындағы тауар айналымы, туризм дамып келеді. Жыл басынан бері Алматыға Кореяның 7842 азаматы келді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 14,64 %-ға артық. Қазақстандықтар үшін Оңтүстік Корея визалық режім алынып тасталған 10 елдің бірі», — деді қала әкімі.
Кездесу барысында олар мәдени ынтымақтастық мәселелерін де сөз етті. Олардың айтуынша, Алматыда корей диаспорасы бар, корей театры, дүкендері, мейрамханалары ашылған.
Өз кезегінде оңтүстіккореялық дипмиссияның басшысы Алматы әкіміне алғыс білдіріп, қаланың жан-жақты дамып келе жатқандығын жеткізді.
Кездесу соңында қос тарап тоқсан сайын болатын корей бизнесі комитетінде әкімдік өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етуге келісті. Сондай-ақ Алматы Оңтүстік Кореяның тағы бір шаһары — Кенжу қаласымен бауырлас қала атану мүмкіндігі қарастырылды.