Жарияланды: 580

Алматы облысында 11 жастағы қыз 5 жасар баланы ұрлады

Алматы облыстық полициясы 11 жастағы қыз ұрлап кеткен 5 жасар баланы бір тәулік бойы іздестірді.

Алматы облыстық ІІББ-ның баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне хабарлауынша, 7-қыркүйекте Көктал ауылының тұрғындары Панфилов аудандық ІІБ-не 5 жастағы қыздарының жоғалып кеткені туралы арыз берген. Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тайлы-таяғымен баланы іздеуге шығады. Бір тәуліктен кейін бала Жаркент қаласындағы базардан табылды. Соңынан белгілі болғанындай, 5 жасар баланы 11 жастағы қыз ұрлап кеткен. Жастайынан бейберекет отбасында өсіп , арақшы әкесі таяуда қайтыс болған бұл қыз қаңғыбастыққа салынып, сабаққа бармай ұрлық істеумен айналысқан көрінеді. 7-қыркүйек, жексенбіде ол әлгі ұрланған 5 жасар баланың үйіне кіріп, баланың жалғыз отырғанын көреді де, алдау арқылы оны өзімен бірге ертіп әкетеді. Үйдегі 10 мың теңгені жымқыра кетуді де естен шығармайды. Полиция ақпаратына сәйкес, қыздар такси жалдап Молодежное ауылына жетіп түнеп, ертеңінде Жаркентке бет алған. Сол жерде оларды полиция тауып алды. Баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, бала ұрлаған қыз кәмелеттік жасқа толмағандықтан, оның үстінен қылмыстық іс қозғалмайды. Қазір ол кәмелеттік жасқа жетпегендерді уақытша оқшаулау, бейімдеу және сауықтыру орталығына орналастырылды. Оны жетімдер үйіне беру, немесе туысқандарының қамқорлығына тапсыру мәселесі кейінірек шешіледі деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть