Жарияланды: 350

Алматы облысында 3 адамды ажал құштырған жүргізуші бостандықта алшаң басып жүр

Алматы облысында үш бірдей адамның өліміне кінәлі көлік жүргізушісі екі айдан бері бостандықта жүр. Сарқан ауданының тұрғыны Омарбек Рақымберлинов пен жұбайы және тағы бір жігіт мамыр айында Алматыдан қайтып келе жатқанда жол апатына ұшыраған. Қарсы бағытпен жүйткіген тентектің кесірінен үш жолаушыны көз жұмып, тізгіндегі азамат мүгедек болып қалды. Арада екі ай өтсе де айыпты жүргізушіні марқұмдардың ағайын-туысы жауапқа тартқыза алар

емес.

Әулет басшысы Омарбек пен жұбайы Айтбаланың өмірден кеткеніне екі ай өтсе де бұл үй әлі күнге қайғы жамылып отыр. Тағдырдың жазуына қарт әжей көнгенімен, қызы кінәлі адаммен күресуге бел буған.

Анар Рақымберлинова, О. Рақымберлиновтың қызы:

-Жол апатына кінәлі адам қазір бостандықта жүр. Бір рет келіп кешірім сұраған да емес. Жазасыз кететініне сенімді. Әкем алпысқа да толмаған, шешем 55-те еді. Мен енді кінәлі адамды жазаға тарттырмай қоймаймын.

Жол апатынан аман қалған жалғыз жүргізушінің күйі мынау. Екі аяғы мен жамбас сүйегі сынған. Қазір төсекке таңылған мүгедек. Омарбек Рақымберлинов пен оның зайыбы және тағы бір жас жігіт бар төртеуі түнделетіп Алматыдан Сарқанға шыққан. Жолда қарсы бағытпен жүйткіген көлікке бетпе бет соғылыпты. Үш жолаушы тіл тартпай кеткен.

Павел Воеводин, көлік жүргізушісі:

-Не болғанын түсінбей қалдым. Алдымнан жарқ етіп шықты да астаң-кестең болып кетті. Есім кіресілі-шығасылы, ауруханаға қалай әкелгендерін де білмеймін. Қазіргі жағдайым осы.

Иесі кеткен соң шаруа қожалығының да шырқы кете бастапты. Екі күннің бірінде мал жоғалады. Полицияға арызданғанымен олардар қайран болмай тұр. Тіпті, ата-анасынан айырылған қыз жаяумыз деп сылтауратқан соң тәртіп сақшыларына марқұм әкесінің көлігін де беріпті. Оны да сол күні аударып тастаған. Бірақ Ішкі істер департаменті өздеріне шаң жуытар емес. Іс жабылған жоқ, тергеу жүріп жатыр дейді олар.

Дарын Арыстанбеков, Алматы облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

-Ауди 100 көлігі мен Лада Приора көлігінің соқтығысуына байланысты қазіргі таңда қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Сараптамалардың нәтижелері тергеушілдердің қолына түскен бойда, қылмыстық іс бірден сотқа жіберілетін болады.

Мал ұрлағандар да жауапсыз қалмайды деп сендірді полицейлер. Бірақ, Анар Рақымберлинованың жанын жегідей жегені бұл емес. Әке-шешесінің өліміне кінәлі адамды жазаға тарттыру үшін ол Бас прокуратураға дейін баруға бекініп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін