Алматы облысында бала-шағасы тастап кеткен ақсақал кісі шошырлық жағдайда өмір сүруде - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысында бала-шағасы тастап кеткен ақсақал кісі шошырлық жағдайда өмір сүруде

Алматы облысында бала-шағасы тастап кеткен ақсақал кісі шошырлық жағдайда өмір сүруде

Қадірі қашқан қария! Алматы облысында жетпістегі ақсақал кісі шошырлық жағдайда тіршілік етуде. Өздігімен жүріп-тұра алмайтын қартты бүкіл туысы жалғыз тастап кетіпті. Үш жыл бойы үйден шықпай, денесі шіри бастаған оны көршілері тауып алып, қамқорлығына алған. Әкесін тастаған тасбауыр балалардың әрекетіне күйінген жұрт жалғыз қалған Тұрсын Тоқтарбаевты енді қарттар үйіне жеткізіп салмақшы.  

  • 3 Шiлде 2015
  • 505
Фото - Caravan.kz

-Тамағы да жоқ! Міне!

Бұл қара қазанға ыстық тамақ соңғы рет 3 жыл бұрын пісірілген. Қазір ішінде суға шыланған нан ғана жатыр. Қою шай баптап берер қыз да, қолға су құяр келін де бұл ас үй тұрмақ, әкені де тастап кетіп қалған.         

Алма Қабылова, көршісі:

-Енді ол әке ғой! Әкеге қарау керек қой қыздар! Неге оқытты? Неге оны қарады? Осы әкесі ғой қараған. Енді әкесі жатқанда бүйтіп тастап кете ме? Күнә ғой мына Ораза айында күнә болады ғой! Ұят қой!

Тұрсын Тоқтарбаевтан бала-шағасы түгілі, 50 жыл отасқан кемпірі де теріс айналыпты. Қара басы ғана қалған қария күйіктен жылай-жылай бір көзінен де айырылған. Қол-аяғы ісініп, күтімнің жоқтығынан денесі шіри бастаған. Қартайғанда қадірі қашқан әке басына түскен кесапатты кемпірінен көріп отыр.  

Тұрсын Тоқтарбаев:

— Менің әйелімнен болып отыр ғой енді. Айтатын несі бар оның. Қыздар жағынан болмаған. Жас қыздар, мысалы саған миыңды жей берсе, «мынаның керегі жоқ, мынау алқаш» бірдеңе, бірдеңе деп миыңды жей берсе, жаман жолға түседі.

Қартты қазір көршілері қамқорлығына алып, күнделікті тамағына қарайласады. Баспанадан гөрі, қораға көбірек ұқсаған екі бөлмеде ақсақал үш жылдан бері жалғыз тұрып, өзін тастап кеткен қыздарын күтіп жүр.  


-Осы қыздар аман болса екен. Маған қараса екен. Бір жақсылық болса екен. Осылардың қолында өлсем екен деп ойлаймын. Ал бұлардың жасап жүргендері мынау…

Тамақ пісіруге шамасы жетпеген ақсақал, қарны ашқанда елдердің әкелген ұнын шикілей жей салады екен. Дәретті де отырған жерінде сындырып, онысынан өзі ұялып жүр. Қараусыз қалған қарияны тек көршілері жалғыз қалдырмақ емес. Құжатын жиып, қарттар үйіне өткізгелі жүр.  

Әлпек Кәмитова, көршісі:

-Бұл кісінің құжаттарын жасатып, қарттар үйіне бергелі жатырмыз.