Жарияланды: 390

Алматы облысында тәртіпке бағынбаған жігіт полицей қолынан қаза тапты

Алматы облысында полицейлер адам атты! 30 жастағы Дмитрий Яковенко желке тұсына тиген оқтан сол жерде жан тапсырған. Тәртіп сақшыларының айтуларынша, соқталдай жігіт өздеріне пышақ ала жүгіріпті. Тек оқиға куәгерлері басқа пікірде. Қазір осы қылмысқа қатысты Талдықорғандағы Ішкі Істер департаментінде қызметтік тексеру жүріп жатыр. Қарағандыда да полицейлер осылай қару қолданған.

Елена 6 күннен бері қара жамылып қалған ана. Ұлы 30 жастағы Дмитрий Яковенконы полицейлер «тәртіпке бағынбады» деп атып тастаған. Желке тұсына тиген оқ жігітті сол жерде жан тәсілім етіпті. 

Елена Яковенко, марқұмның анасы:

- Түнгі 2 кезінде маған достары естіртті. Ұлымның соңғы сөзі: «Мен кінәлі емеспін, рөлде отырмадым» болыпты. Көлікте бірге болған екі қыз айтып отыр. Полиция тізерлеп кешірім сұрауға мәжбүрлеген. Дима оған көнбеген. Сол үшін атса керек. Енді өтірік жала да жауып жатыр.

Қайғылы оқиға өткен сәрсенбіден бейсенбіге қараған түнде Талдықорғанның орталығында болған. Екі қыз бен екі жігіт отырған «Тойота Камри» полициядан қашқан екен. Тұмшаланған терезесі үшін тоқтауға бұйрық бергенде, жастар із суытпақ болыпты. Сөйтіп, полиция қуып жүріп тоқтатқан. Оқ осы абыр-сабыр кезінде атылыпты. Кристина мен Дарья сол машинада отырған қыздар.     

Дарья Ильченко, куәгер:

- Полиция терезе үшін тоқтатты. Бірақ Диманың досы тоқтамай, қаша жөнелді. Тоқтатқан соң бәрімізге шығындар деді. Сол кезде жігіттердің қолын қайырып, тізерлеп отырғызды. Оқ сол кезде атылды.

Ксения Дятлова, куәгер:

- Диманы атқан сақшы басында өзін өте қорқынышты ұстады. Барлығына айғайлап жүрді. Тіпті әріптестеріне де. Бізді де ата ма деп қорықтық.

Қазір қару қолданған 3 полицей қызметінен уақытша шектетілген. Прокуратураның араласуымен қызметтік тексеру жүріп жатыр.

Ерлан Баймұхаметов, Алматы облысы прокурорының көмекшісі:

- Бір қатар сараптамалар тағайымдалған. Сол кезде Яковенконың өліміне не себеп болғаны анықталмақ. Әзірше тексеру жүргізіліп жатыр..

Дәл осыған ұқсас оқиға бүгін Қарағандыдағы Ақтас кентінде де болды. Араққа сылқия тойған азамат кезекші бөлімде төбелес шығарған. Мұнда да тентек полицейлерге әйнектің сынығын ала жүгіріпті. Инспектор амалсыз қаруын қолданған. Сабасына түскен 34 жастағы азамат қазір қамауда.

Денис Чернов, Ақтас ІІБ кезекші инспекторы:

- Аяғын көздедім. Адамға оқ ату оңай емес. Өз-өзіме әлі келе алмай жүрмін. Мас болса да, арыз жазамын дегесін қолына қағаз бен қалам беріп ана бөлмеге отырғызған едім. Мұндай болады деп кім ойлаған?

Ал марқұм Дмитрий Яковенконың туыстары болса, оқ атқан полиций ісін сотқа жеткізбей қоймаймыз деп бекініп отыр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін