Төрт жылдан бері екі кооператив апортты жаңғыртуға арналған 35 гектар жерді бөлісе алмай дал. Талайларды тамсандырған алма бақтың төңірегінде туған даудан сот шешімі шығып, жердің шын қожайыны анықталғанша апорт ағаштарының оталып бітетін түрі бар. Белгісіз біреулер түнделетіп 124 алма ағашын кесіп кеткен.
«Бұл 2010 жылы басталған дау. Осы жер үшін күресіп, бұрынғы жұмысшыларға бағбандықпен айналысуға береміз деп отырған тұста Байшөкенова деген заңгер арыз-шағым жазып, аяқтан шалып келеді. Оның ойынша бұл жер өздері құрған «Мельба алмасы» кооперативіне тиесілі екен. Ал олардың бірде-бір құжаты жоқ», — дейді «Апорт-ата» өндірістік кооперативінің заңгері Жеңіс Дүкенбаев.
Бірнеше жыл бұрын Алатау кеңшарында апортты күтіп-баптаған жұмысшылар бірігіп, «Апорт-ата» өнідірістік кооперативін құрады. Қарасай ауданының әкімі 35 гектар жерді кеңшардың бұрынғы қызметкерлеріне бағбандықпен айналысу үшін бір жылға жалға беру туралы қаулы шығарады. Ал «Мельба алмасы» кооперативінің заңгері Қаламқас Байшөкенова бақтың иесі бар екенін айтады.
«Жерді алғаш пайдаланушылардың актісі ауылдық округтың әкімдігінде тіркелген. Сол уақыттағы заңға сәйкес, олардың бұл жерге құқығы бар. Әкімдіктегілер актілерді тіркеу кітабын жасырып отыр. Сондықтан мен мүддесін қорғап жүрген адамдар өз құқықтарын толық күшіне енгізе алмай келеді», — дейді «Мельба алмасы» өндірістік кооперативінің заңгері Қаламқас Байшөкенова.
Даудың әзір аяқталатын түрі жоқ. Соттың келесі отырысы 21 мамыр күні өтеді. Ең өкініштісі, сот шешімі шыққанша алма ағаштарының сиреп қалатын түрі бар, деп хабарлайды 24.kz.