Алматы облысында жері мемлекет меншігіне алынған жұрт өтемақыға кеспей шу шығарды - kaz.caravan.kz
  • $ 480.72
  • 548.07
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысында жері мемлекет меншігіне алынған жұрт өтемақыға кеспей шу шығарды

Алматы облысында жері мемлекет меншігіне алынған жұрт өтемақыға кеспей шу шығарды

Алматы облысында жер дауы! Қала іргесіндегі Кемертоған ауылының үстімен жол салынғалы жатыр. Енді құрылыс жүретін аумақтағы 50 үй сүрілуі тиіс. Жергілікті билік, сол қиратылатын баспаналар үшін өтемақы төлегісі жоқ. Өйткені жер иелерінің құжаттары қате. Яғни ауыл шаруашылық мақсаттағы алқапта үй тұрғызған. Бірақ, жұрт әкімдікке алдандық деп отыр. Айтуларынша, шенділер кезінде жер бергенде құжатын да реттейміз деп уәде еткен екен.

  • 21 Мамыр 2014
  • 219
Фото - Caravan.kz

Кемертоған басында күнде жиын! Мұндағы жұрттың жыры қара басына сор болған қара жердің қамы. Осыдан 3 жыл бұрын гектарлап жер алған пысықайлар, кейін сол телімді 8 сотықтан бөліп сатқан. Мемлекеттік актісінде шаруашылық жүргізу үшін берілген жер деп тайға таңба басқандай жазылған, жұрт үй тұрғызып жатқанын көрген жергілікті атқамінерлер ләм-мим демепті.

Райгүл Толғамбаева, Кемертоған ауылының тұрғыны:

— Кемертоғанның халыққа қызмет көрсету орталығынан бөліп 8 сотықтан сатты бізге. Адал ақы маңдай терімізге сатып алдық. Үйді соқтық жаңағыдай. Енді оны заңсыз дейді. Ей, қалай заңсыз болады қарағым- ау? 8 сотық жерді шаруашылық жер деп, қандай мақсатпен береді? 8 сотық жерге сиыр баға алам ба, егін еге алам ба?

Ауылдан артынып-тартынып келген жұрттың расында барар жер басар тауы жоқ. Алматының кептелісін болдырмау үшін тартылған қосымша трасса Кемертоғанның үстінен өтетіні бас жоспарға да басылып қойыпты. Халық рұқсатсыз қарқынды құрылыс бастағанда, елге ескертпеген шенділер енді жоғарыдан қаулы келгелі белсенді. Жол салу үшін жұрттың үйі мен жерін берсе қолынан, бермесе жолынан аламыз деп анталап тұр.

Мақсұт Жапаров, Іргелі ауылдық округінің әкімі:


-Ол жерлер бөлінген шаруа қожалықтары. Мысалы жердің иесі 1 га, 10 га меншікте бар ғой. Соны бөледі 5 сотық, 10 сотықтан заңды ретінде бұл кісілерге сатады. Сатып алғаннан кейін шаруа қожалық жүргізу керек заң бойынша. 4 сотыққа қандай шаруа қожалық жасайсың? Енді 4 сотықты өзіңіз сатып алдыңыз ғой сізді ешкім зорлықпенен ол жаққа итерген жоқ.

Санаулы сотыққа жарытып жануар баға алмайтынын, өндіріп егін сала алмайтының әкімге де әйгі шығар. Бірақ бұйырған бастықтар барда тас жолдың төселмей қоймайтынын, рұқсатсыз салынған үйлердің қиратылмай тұрмайтынын ескертті шенеунік. Ал халыққа құжат жасап беріп табандарын жалтыратқандармен ісі жоқ ешкімнің.

Алматының қапталындағы қарапайым қарашаның жарғақ құлағын жастыққа тигізбеген жаңалық: жап-жаңа жолдың құрылысы міне осы маңнан өтпек. Жаңадан төселетін Рысқұлов даңғылының бойында 48 жер телімі жатыр екен және тұрғындар көріп тұрғандарыңыздай барлығына да тамдарын тұрғызып алған. Дегенмен бұл үйлер сүрілген жағдайда шенеуніктер көк тиында өтемақы төлемек емес. Өйткені бұл үйлерді салуға арнайы рұқсат қағазы берілмепті. Ал, амалы қалмай ашынған адамдар бел кеткенше беріспек емес.