Алматы жұртшылығы ҰОС ардагері Б. Әкежановты ақтық сапарға шығарып салды - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы жұртшылығы ҰОС ардагері Б. Әкежановты ақтық сапарға шығарып салды

Алматы жұртшылығы ҰОС ардагері Б. Әкежановты ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін Алматы жұртшылығы ҰОС ардагері, отставкадағы гвардия полковнигі, КСРО Әскери Әуе Күштерінің Бас маршалы А. Новиковтың жеке ұшқышы Байзұлла Әкежановты ақтық сапарға шығарып салды.

  • 21 Қаңтар 2015
  • 491
Фото - Caravan.kz

Әскерилер үйінің залына қарт майдангердің туған-туыстары, бірге қызмет жасаған  ұшқыш әріптестері, қалалық ардагерлер Кеңесінің өкілдері, соғыс ардагерлері және қала тұрғындары келіп, марқұмның отбасына көңіл айтып, орны толмас қазаға ортақтасты.

«Мен Байзұлла ағаны сонау 1956 жылдан бастап білемін. Біз қиыр шығыста Спасск-Дальный қаласында алыс авиацияда бірге қызмет атқардық. Ол алысқа ұшатын стратегиялық бомбылаушы ТУ-4 ұшағының командирі, капитан болатын. Ал мен штурман болдым. Бір жатақханада тұрдық. Бөлмелеріміз де көршілес болатын. Байзұлла аға өте мейірімді, кішіпейіл, бауырмал жан еді. Ол атақты ұшқыш. Соғыс жылдарында неміс қалаларын, солардың ішінде Берлинді бомбылаған. Байзұлла аға 1945 жылы Жеңістің салтанатты әуе шеруіне қатысқан қазақ ұшқышы. Бүгінгі жастар қазақтың Байзұлла секілді осындай батыр ұлдарының ерлік жолдарынан үлгі-өнеге алулары тиіс. Байзұлла ағаның жарқын бейнесі ұрпақтар жадында мәңгілік  сақталады», —  деді өз сөзінде ҰОС ардагері Елдос Назмутдинов.

«Ұлы Отан соғысы жылдарында ұшқыш болған қазақтар санаулы еді. Сол санаулы да айтулы ұшқыштарымыздың бірі осы Байзұлла аға болатын. Ол ұлы адам. Мен жаяу әскер құрамында шайқастым. Сонда ұшқыштарымыздың әуедегі жасаған талай ерлік істерінің куәсі болдық. Байзұлла аға майдан шебінен өтіп, Берлинді бомбылаған жаужүрек қазақ ұшқышы. Оның жасаған ерлік істері ешқашан да ұмытылмайды», — деді Байзұлла ағаның замандасы, ҰОС ардагері Бейсен Мәжілұлы.

Байзұлла Әкежанов 1923 жылы 6 ақпанда Павлодар облысы Ақсу ауданының Құркөл ауылында туған. Чкалов әскери авиация мектебінің түлегі. Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіровтің сыныптасы. Соғыс жылдарында Екінші әуе армиясының  95-ші гвардиялық полкінің екінші эскадрилья құрамында соғысты. ИЛ-2 ұшағын басқарды. Польша, Чехославакия, Венгрия жерін жаудан азат етуге қатысты. 1945 жылы сәуір айында атақты Берлин опеарциясына қатысып, Берлинді бомбылады. 1945 жылы Қызыл алаңда және Мәскеу түбіндегі Тушинада өткен Жеңістің салтанатты әуе шеруіне қатысқан.


Соғыс аяқталған соң, КСРО қарулы күштері сапында ұзақ жылдар еңбек етті. КСРО Әскери Әуе Күштерінің бас қолбасшысы, авиацияның бас маршалы Александр Новиковтың жеке ұшқышы болды. 12 түрлі ұшақты басқару әдісін меңгерді. Отставкаға шыққан соң ұзақ жылдар азаматтық авиация саласында қызмет атқарды. ҚР соғыс ардагерлерінің Орталық кеңесінің мүшесі болды. Алматы қалалық соғыс ардагерлері Кеңесі жанындағы отан қорғаушыларды мәңгі есте қалдыру бойынша Комиссияның төрағасы қызметін атқарды.  

Байзұлла Әкежанов Қызыл Жұлдыз орденінің, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, «Ерлігі үшін» медалінің, «Жауынгерлік еңбектері үшін» және «Құрмет» пен «Парасат» ордендердерінің иегері.