Жарияланды: 480

Алматыда 16 үй өртке оранып, бір адам тірідей жанып кетті

Су тасқыны зардабын жойып бітпеген Алматыда енді баспаналарды өрт жалмады. Түн қараңғысында басталған қызыл жалын бір сәтте 16 үйдің күлін көкке ұшырды. Жасы 60-тан асқан азамат тура өз үйінде тірідей жанып кеткен. Ал аман қалған тұрғындар құжаттары мен көптеген дүние-мүліктерінен айырылды.

Бұл кісінің бар құжаттары, дүние-мүлкі үйімен қоса өртеніп кеткен. Әйтеуір, жеті қараңғы түнде шырт ұйқыда жатқан балаларын оятып үлгеріпті. Сосын бәрі үстеріне ілінген киімдерімен далаға ұмтылған.

Фархад Садықов, зардап шегуші:

- Түтіннің исі шыққаннан кейін, менің жұбайым Айнұр маған айтып жатыр, осы көрші бір жерден қағаздың исі шығып жатыр. Сонымен, біз мына жаққа келдік, көршінің терезесіне қарадық. Қарасақ, қағаздың исі түтін боп шығып жатыр.

Фархад дереу көршілерін оятып, өрт сөндіру қызметін шақырады. Алайда арнайы көлік кешігіп кеткен соң, қызыл жалынды тұрғындардың өздері жабылып өшірмек болады. Бірақ, бой бермей кеткен өрт ақыры іште қалған бір адамның өмірін жалмаған.

Алапат өрт алдымен тура мен тұрған үйде тұтаныпты. Терезеден шыққан жалын жалғасып тұрған екінші үйге, сөйтіп одан арғысына тез тарап, бүкіл үй қас-қағым сәтте отқа оранған. Мұндағы тұрмыстық техника, жиһаз, басқа да құнды заттардан түк қалмаған. Ал құтқарушылар қазір сол дүние-мүліктен қалған күл-қоқысты тазартып үлгермей жатыр.

Жергілікті билік өкілдері болса, тұрғындардың ешбірін далада қалдырмаймыз деп отыр. Ас-ауқат, киім-кешектен бастап, тұратын жерлеріне дейін дайындап бермек. Тек ол үшін алдымен құжаттарын әзірлеуі тиіс.

Талғат Разақов, Жетісу ауданының әкімі:

- Қазіргі уақытта ыстық тамақ дайындап жатырмыз, дәрі-дәрмек береміз. Қазіргі уақытта жатақханадан 14 орын дайындадық. Тағы да пәтерлерді алып жатырмыз. Қазір құжаттарын дайындап жатырмыз. Анықтама, құжаттары дайын болғаннан кейін әлеуметтік көмек көрсетіледі бұл кісілерге, 100 АЕК.

Мың шаршы метрді шарпыған өрттің себебі әзірге нақтыланбаған. Тек оның өлген азаматтың үйінен шыққаны ғана анықталып отыр. Қазір оқиға орнында тексеру тобы жұмыс істеуде. Далада қалған тұрғындардың баспана мәселесі қалай шешілетінін арнайы комиссия анықтайды. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін