Қала әкімінің айтуынша, биыл жыл басынан бері Алматыда өзге қаладан келгендердің қолымен 308 ауыр және аса ауыр қылмыстар жасалған.
«Сондықтан, құқық қорғау органдарының жұмысын барынша жетілдіру қажет. Мен өткен жылы Ішкі істер департаментіне қалада тіркелмей жүргендер және пәтерлері мен үйлерін заңсыз жалға беретіндерді анықтау керектігін тапсырған едім. Жақсы жұмыс жасалды. Жыл басынан бері 169 мың пәтерлер мен үйлер тексерілді. Салық комитетіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, пәтерлерін жалға берген 2144 адам анықталды. Олар кәсіпкер ретінде салық төлеулері керек! Сонымен қатар, іздеуде жүрген 36 қылмыскер ұсталды. Хабар-ошарсыз кеткен 12 адам табылды. Бұл жұмыс бұдан екі жыл бұрын «Ақкент» ықшам ауданында орын алған қанды оқиғадан кейін қолға алынған болатын. Сондықтан бұл жұмысты жүйелі түрде одан әрі жалғастыру қажет», — деді Ахметжан Есімов.
Қала әкімінің айтуынша, қалада қоғамдық тәртіптің тұрақтандыруда учаскелік инспекторлардың рөлі зор. Биыл сол инспекторлардың қатысуымен қалада 1999 қылмыстың беті ашылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға жоғары. Дегенмен, бұл салада кемшіліктер де жоқ емес. «Көптеген учаскелік инспекторларды жергілікті тұрғындар тіпті танымайды. Өйткені, инспекторлар олармен жеткілікті жұмыс істемейді», — деді А. Есімов.
Қала әкімі учаскелік инспекторларды жергілікті тұрғындар арасында, жастар мен жасөспірімдер арасында жиі-жиі басқосулар өткізуді және пәтер иелері кооперативтерімен бірлесе отырып басқа да алдын алу жұмыстарын жүзеге асыуды тапсырды.