Алматыда бір топ үлескер үйлерінің сапасыз салынғанын айтып, шу көтерді
Алматыда бір топ тұрғын «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен алған үйлерінің сапасыз салынғанын айтып, шу көтерді. Талай жылдан бері зарыға күткен баспаналарының сырты бүтін көрінгенімен, іші түтін болып шыққан. Бір үйде электр желісі жүргізілмесе, бірінде су жоқ, тағы бірінде пәтердің қабырғасы сөгіліп жатыр. Оны тіпті ешкім жөндеп те жатқан жоқ. Бұл олқылықтарға шыдамаған жұрт бүгін құрылыс компаниясының басшысына тап берді. |
Қаумалаған адамның ортасында тұрған бұл кісі осындағы пәтер иелері кооперативінің төрағасы. Үйлеріндегі кем-кетіктің бәрін тізіп айтып жатқан тұрғындарға мардымды жауап қайыра алмай тұр. Өйткені жаңадан салынған «Нұркент» ықшамауданы үйлерінің бірінде электр желісі жоқ, екіншісінде едені дұрыс емес, тағы бірінің қабырғасы сөгіліп барады. Тұрғындар болса, қордаланған арыз-шағымын кімге айтарын білмей дағдарып жүр.
Жасұлан Бурабаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бір-біріне сілтейді жаңағы, застройщик біреусіне, субподрядчик біреусіне, подрядчик біреусіне. Ақшасы төленіп кеткен, үй өтіп кеткен деп арттарынан жүгіріп жүрміз міне. Электригін тапсақ, қазір келем дейді, жоқ болып кетеді.
Сыртынан қарағанда сәулетті көрінетін мына үйлердің іші оңып тұрған жоқ. Олқылық дегеніңіз кіреберісінен-ақ көзге шалынады. Асығыс-үсігіс салынған баспалдақтың іргесі ашылып, ал бір жерде беті сынып жатыр. 9-шы қабатта тұратын Гүлшатай апа үшін жоғары-төмен мініп түсу тіпті қиын. Өйткені, өңкей 9 және 12 қабатты үйлерде жеделсаты тек әсемдік үшін ғана тұр. Талай жыл күткен пәтеріне қуанышпен кіріп келсе, көргені мынау, іші шала-пұла жасалған. Еден тақтайлары ісініп кеткен, қисық терезенің жақтаулары сылқылдап тұр.
- А теперь вот посмотрите, куда они поставили вот. Поставили вот. Ну ладно, это не страшно. Вот это мы сами за три тысяч поставили.
Мемлекеттік бағдарламамен салынған баспана құрылысында мұндай жөнсіздікке қалайша жол берілгенін білу үшін қалалық әкімдік өкілінен сұрасақ, мән-жайды түсіндіріп берудің орнына, қайрылмастан тұра қашты.
Ал құрылыс компаниясының өкілі үйлердің бәрі пайдалануға дайын, шу шығаратындай ештеңе жоқ деп қарап тұр.
Усейн Хасанов, құрылыс компаниясының өкілі:
- Жұмысшылар да адам болғасын қателіктер жібереді ғой. Қай жерде кемшілік бар, айтыңыздар, жөндеп береміз. Жалпы, барлық кәріз құбырлары, коммуникация желілері жүргізілген. Біз өз жұмысымызды атқардық. Ал, су мен газдың болмауы бізге қатысты емес.
Негізгі уақытынан бақандай бір жылға кешігіп біткен 19 үйдің тек екеуі ғана толығымен дайын. Ал қалған үйлерде адамдар тек бірен-саран пәтерде ғана тұрып жатыр. Үйлерін күте-күте шаршаған үлескерлерге құрылыс компаниясының басшысы бүгін де бәрін қарық қыламыз деген құрғақ уәдесін беріп кетті. Бірақ, нақты қашан бітіріп беретіні тағы да белгісіз күйінде қалды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін