Бұл – еткен еңбек пен төккен тердің қайтарымын талап еткен жандар. Барлығы 70 күзетші қаладағы ірі сауда орталықтарын күзеткен. Соларға қызмет көрсетіп келген күзет компаниясы өткен айдың басында қызметкерлерінің жалақысын төлемей ауысып кетіпті. Сол кезде онсыз да екі айдың ақшасын алмаған күзетшілер жаңа басшылық келген соң жұмыстан да қуылған. Енді, міне, не айлық жоқ, не жұмыс жоқ.
Ақмарал Жүнісбаева, күзетші:
-Басымызда кредит. Баламыз бар. Жолымыз бар. Ешкім ештеңені ойламайды. «Ұнамай ма? Кете бер»-дейді ғой. Міне,жастар бар. Солар келеді. Бүгін бар, ертең жоқ олар. Соған әбден үйреніп алған.
Ал жалақы беруі тиіс бұрынғы басшы болса, күнде «әне, міне» деп ұстатпайтын көрінеді. Телефонын да көтермейді екен.
Қанат Қожабеков, күзетші:
-Мәулен Халықұлы бас директор. Соның үйіне бардық. Баласы шықты да «әкем жоқ үйде» деді. Біз «күтеміз» деп тұрдық. Кейін тағы сұрадық «келді ма әкең» деп. Бір уақытта баласы шықты да менің жағамнан алып, балағаттап, кетіңдер ұрам соғам полиция шақырам деп қорқытты. Әйелі шығып боқтады, иттерін айтақтады.
Кейінсолбасшы қазанның 30-ына дейін жалақыны төлеуге уәдесін беріпті. «Сауда орталығы тиісті қаржыны аудармай жатыр. Сондықтан айлық төлей алмадым» деп те ақталған. Содан бері оны күзетшілердің ешқайсысы көрген емес. Агенттіктен ақша өндіре алмаған наразы топ ең болмаса күзеткен жеріміз айлық берер деген үмітпен бүгін сауда орнына да келді. Алайда ондағылар да бұларға бір тиын төлемейміз деп отыр.
Динара Рахмангелдиева, сауда орталығының есепшісі:
-Бұрын бізге қызмет көрсеткен күзет компаниясына 1 миллионнан теңгеден астам қаржы аударуымыз керек. Алайда олардың басшылары келіп, мына қағаздарға қол қоюы тиіс. Артынан ақшаны күзетшілерге сол агенттіктің басшысы таратсын. Ал біздің бұларға еш қатысымыз жоқ.
Ашынған күзетшілер бүгін де осылай маңдай тер ақыларын ала алмай тарқасты. Енді олар жалақыны төлемей сергелдеңге салып қойған күзет агенттігінің үстінен сотқа шағым түсірмек.