Депутат кәсіби мерекелерді қысқартуды ұсынды  - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+27 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Депутат кәсіби мерекелерді қысқартуды ұсынды 

Депутат кәсіби мерекелерді қысқартуды ұсынды 

Депутаттың сөзінше, кәсіби мерекелер жүйесін қайта қарап, Үкімет қаулысымен бекіту қажет

  • 17 Маусым
  • 2
Фото: ЖИ

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев кәсіби мерекелердің қазіргі тізімін қайта қарап, оларды белгілеудің бірыңғай әдіснамасын әзірлеуді ұсынды. Бұл туралы ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанның негізгі құндылықтарының бірі ретінде Еңбек адамын құрметтеу идеясын жүйелі түрде ілгерілетіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіби мерекелер елдің ұлттық байлығын қалыптастыратын азаматтардың еңбегін қоғамдық тұрғыда мойындаудың маңызды құралы болуы тиіс.

Сергей Пономаревтың мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 74 кәсіби мереке бар. Алайда олардың шамамен 20 пайызы нақты мамандықтарға емес, мемлекеттік органдар мен ведомстволарға арналған. Бұл кәсіби мерекелердің бастапқы мәнін әлсіретіп, еңбек адамын ұлықтау идеясын көлеңкеде қалдырып отыр.

Біз еңбек адамын құрметтеуді көздейміз, бірақ іс жүзінде белгілі бір ведомствоның құрылған күнін атап өтеміз. Тіпті журналистердің өздері кәсіби мерекенің нақты қай күні екенін жиі өзгергендіктен ұмытып қалған, – деді депутат.

Оның айтуынша, кәсіби мерекелердің күнтізбе бойынша бөлінуі де теңгерімсіз. Мысалы, қазан айында бірден 15 мереке белгіленген. Білім беру саласында жоғары білім қызметкерлері күні, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні және Мұғалімдер күні қатар қарастырылған.

Депутаттың пікірінше, халық арасында кеңінен танылған Мұғалімдер күнінен бөлек тағы екі мерекенің болуы негізгі кәсіби мерекенің маңызын төмендетеді.

Осыған байланысты Сергей Пономарев Үкіметке үш ұсыныс жолдады:

– кәсіби мерекелерді белгілеудің нақты мамандықтарға басымдық беретін бірыңғай әдіснамасын әзірлеу;

– қайталанатын, ведомстволық және тым тар бейінді мерекелерді біріктіру мақсатында қолданыстағы тізімге ревизия жүргізу;

– кәсіби мерекелер тізімін министр бұйрығымен емес, Үкімет қаулысымен бекітіп, оны екі жыл сайын жаңартып отыру.

Депутаттың айтуынша, мұндай тәсіл Мемлекет басшысының Еңбек адамының мәртебесін арттыру және қоғамдағы жасампаз еңбекке деген құрметті күшейту жөніндегі саясатына толық сәйкес келеді.