Тәртіп сақшылары бірден заңсыз тұраққа айналған базарлар маңын тазалауға кірісті. Тұраққа тыйым салынған белгілердің ілініп тұрғанына қарамастан жүргізушілер қалағанынша көлігін тастап, өз шаруаларымен алыстап кеткен. Барлығына әкімшілік хаттама толтырылды. Белгі ілінген жол жиегінде, көше қиылысына, жаяу жүргінші жолағына көлігін тастағандар енді 9910 теңге айыппұл төлеуі тиіс. Егер ережені қайта бұзса төлейтін ақысы да еселенеді. Ал ұзаққа бөгелген жүргізушілер енді өз көліктерін айып тұрағынан табады. Айта кететін жайт 7 күн ішінде айыппұлды төлегендерге 50 пайыздық жеңілдік көрсетілген. Бірақ жүргізушілерді тезге салу қиын сыңайлы. Тәртіп сақшыларының көзін ала бере тазаланған көше бойына көліктер қайта қаптап шыға келді.
Жандос Мұратәлиев, Алматы қалалық ІІД ӘПБ бастығының орынбасары:
–Біздің жүргізушілер орын табамын десе табады. Көбісі тұрғысы келмейді, алады да екінші қатарға қойып кетеді, басқа жүргізушіге кедергі жасайды. Егер жол ережесі бұзылмаса біздің қаламызда кептеліс болмайтын еді.